Сауын сиырларды күтіп-бағудың негізгі ұстанымы – оларды дұрыс азықтандыру арқылы қоректік заттарға деген қажеттілігін қамтамасыз ету. Қоректік заттардың қаншалықты тұтынылатыны олардың рациондағы мөлшеріне ғана емес, сонымен қатар сиырдың қанша жемшөп жейтініне де байланысты. Алайда күйіс қайыратын малдың рационында қоректік заттардың мөлшерін шексіз арттыруға болмайды. Өйткені қоректік заттардың мөлшерімен қатар, жемшөптің құрылымы да маңызды. Ол сиырдың күйісті дұрыс қайырып, ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Сондықтан сиырдың жемшөпті жеткілікті мөлшерде тұтынуын қамтамасыз ету өте маңызды. Осылайша, әсіресе өнімділігі жоғары сауын сиырлар үшін, жемшөпті жеткілікті мөлшерде тұтыну жоғары сүт өнімділігі мен денсаулықты сақтаудың негізгі шарттарының бірі болып табылады.
Жемшөпті тұтыну сауым деңгейіне, жануарлардың денсаулығына, көбею қабілетіне және сүт шаруашылығының рентабельділігіне тікелей әсер етеді. Оған жануардың (дене салмағы, тұқымы, жасы, лактация кезеңі, денсаулық жағдайы), жемшөптің (сапасы, дәмдік қасиеттері, құрғақ зат мөлшері, құрылымы мен жасұнық мөлшері, сондай-ақ рацион құрамы), байлаусыз ұстау жағдайлары мен қоршаған орта факторларының (азықтандыру орындарының жеткіліктілігі, қорадағы микроклимат, жататын орынның жайлылығы, еркін қозғалу мүмкіндігі), сондай-ақ азықтандыруды ұйымдастыру және табынды басқару деңгейінің жиынтығы әсер етеді. Сауын сиырлардың азық үстелі бос қалмауы тиіс. Толық араластырылған рациондарды (ТАР) қолдану және жануарларды өнімділік деңгейі немесе лактация кезеңі бойынша топтарға бөлу физиологиялық қажеттіліктерге сай азықтандыруды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Таза ауыз суға шектеусіз қолжетімділік жемшөпті жоғары деңгейде тұтыну мен табынның жоғары сүт өнімділігін қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі болып табылады.
Азықты барынша көп тұтынуға жоғары сапалы азықты жануарлардың қажеттіліктеріне сәйкес күтіп-бағу жағдайларымен және оңтайлы менеджментпен үйлестіру арқылы қол жеткізіледі. Бұл малдың сүттілігін, денсаулығын және экономикалық тиімділігін тұрақты арттыруға мүмкіндік береді.
Жем-шөпті тұтынуды қалай барынша арттыруға болатыны туралы толығырақ арнайы ақпаратты KFM жобасының сайтынан, мысалы, «Модульдер» сериясынан, «Азықтандыру және рацион құру» атты 14-модульден табуға болады.
Эккехард Шрёдер
Фото: KFM