Малшыларда уызды нашар ішетін жаңа туған бұзауларды қалай күту керек деген сұрақ жиі туындайды. Көп жағдайда бұзау екі литр ішкеннен кейін әрі қарай ішкісі келмейді. Мұндайда не істеу керек?

Туғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда уақытты өткізіп алмау маңызды: өмірінің алғашқы төрт сағатында бұзау өз дене салмағының шамамен 10% мөлшерде уыз ішуі тиіс. Жеңіл бұзауларға — үш литр, ірілеріне — төрт литр беру ұсынылады. Жұмсақ дренчерді дұрыс қолдана білсеңіз, бұл процедураны тез әрі қауіпсіз орындауға болады. Дегенмен, дұрыс техниканы тәжірибелі мал дәрігерінен үйреніп алған жөн.

Уызды берер алдында оны 38–40 °C-қа дейін жылыту қажет. Бұл иммуноглобулиндердің (антиденелердің) тез әрі тиімді сіңуіне ықпал етеді. Сонымен қатар жаңа туған бұзаулар жылуды тез жоғалтатындықтан, температуралық режимге ерекше мән берген дұрыс. Ескі немесе ластанған уызды пайдаланбаңыздар.

Зондты дұрыс қолданса, бұзаудың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Алайда бұл әдіс аса сақтықпен және қатаң гигиеналық талаптарды сақтай отырып жүргізілуі керек. Бұзауды қозғалтпай ұстап, зондты баяу енгізген жағдайда ғана ағза антиденелермен толық қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар уызды зондпен беру күнделікті дағдыға айналмауы тиіс. Кішігірім қателіктің өзі бұзауға зиян келтіріп, оның өмірінің алғашқы күндерін күрделендіруі мүмкін.

Егер уызды нашар ішетін бұзаулар жиі кездессе, ветеринарлар алдымен Е-селен, В дәрумендер кешенін, ауырсынуды басатын дәрілерді және қажет болған жағдайда муколитикалық препараттарды қолдануды ұсынады. Дегенмен, шешуші фактор — сиырларды суалу кезеңінде жеткілікті мөлшерде селенмен қамтамасыз ету.

Зонд арқылы дұрыс азықтандыру туралы толығырақ ақпаратты KFM жобасының «Бұзауларға уызды зондпен беру» атты тегін жадынамасынан табуға болады.

Уве Веддиге

Фото © KFM