Бұзауларды үйшікте немесе қорада ұстағанына қарамастан, патогенді микроорганизмдер барлық жерде кездеседі. Аурулардың алдын алуда қатаң гигиеналық талаптарды сақтау маңызды.
Бұзау өсірудегі үш маңызды аспектіні қарастырайық.
Төлдеу кезіндегі гигиена: төлдеу барысында көмек көрсетпес бұрын және бақылау тексерісін жүргізер алдында қолды міндетті түрде жуу қажет. Сонымен қатар қолданылатын құралдар мен тартқыш арқандар әрдайым таза, мүмкіндігінше стерильді болуы тиіс.
Ұстау орнының гигиенасы: бұзау даладағы үйшікте немесе қорадағы ағаш бокста ұсталса да, әр бұзаудан кейін орынын мұқият тазалау қажет. Аммиактың жиналмауы үшін және шыбындардың санын азайту үшін төсенішті кемінде әр 10 күн сайын ауыстырып отырған жөн. Үнемі таза сабан төсеу, суаттарды жүйелі түрде тексеріп тұру, сондай-ақ күн сайын жаңа ірі және құрама жем беру ұстау гигиенасын толық қамтамасыз етеді.
Уыздың ластануы: иммуноглобулиндердің мөлшерін анықтауға қарағанда, уыз құрамындағы микроорганизмдердің деңгейін нақты бағалау әлдеқайда күрделі. Сондықтан уызға ерекше мұқият қарау қажет. Антисанитарлық жағдайда иммуноглобулиндер патогенді микроорганизмдермен тез байланысып, бұзау ағзасына толық көлемде жетпей қалады. Сонымен қатар, микроорганизмдер бұзаудың ішегінде иммуноглобулиндердің сіңірілуіне кедергі келтіреді.
Аталған шаралардың барлығы микробиологиялық жүктемені төмендетуге бағытталған. Гигиенаны жүйелі әрі дәйекті түрде ұйымдастыру арқылы ғана ауру деңгейін азайтып, ветеринариялық шығындарды қысқартуға болады.Бұзау қорасындағы гигиена және уызды пайдалану туралы толығырақ ақпаратты KFM жобасының «Бұзау қорасындағы гигиена» және «Уыз беру менеджменті» атты тегін жадынамалардан таба аласыздар.
Уве Веддиге
Фото © KFM