11 04, 2025

Құрғақ зат мөлшері дұрыс па?

2025-04-11T06:11:47+01:0011. апреля 2025|

Рационды есептеу нақты көрсеткіштерге негізделеді, бірақ сүрлемдегі құрғақ заттың нақты мөлшері үнемі өзгеріп тұрады. Қоршаған ортаның әсерінен де көрсеткіштер өзгереді: жаңбыр кұндері құрғақ заттың мөлшері азаяды, нәтижесінде берілетін азық мөлшері азаяды және онымен бірге сүт өнімі де азаяды. Жоғары температура, керісінше, құрғақ заттың жоғарылануына әкеледі және осы кезде сиырлар берілген азықты көбінесе теріп жейді.

Қолда өзекті нақты көрсеткіштер болған жағдайда ғана құрғақ зат мөлшерін есептік мөлшеріне/нормаға сәйкестендіруге болады. Біз апта сайын өлшеп тұруды ұсынамыз. Бірақ бұл үшін қарапайым және сенімді өлшеу әдісі қажет.

Арнайы жепшөп кептіргіштері мен дәл өлшейтін таразыны қолдану арқылы 30 минут ішінде дәл нәтиже алуға болады.

Сіз TMR-дегі құрғақ зат мөлшері 38-ден 42% — ға дейін болғанын қадағалуыңыз керек. Сонымен қатар азық айтарлықтай кебетінін ескеру қажет, әсіресе жазда, азық бірақ рет берілетін кезде. Бірақ: өте ылғалды азық жоғары температурада өте тез бұзылады. Егер құрғақ зат көрсеткіші тым жоғары болса, су қосуға болады. Азықты теріп жеуін шектеу үшін бір сиырға 6-8 литр су қажет. Алайда, құрғақ зат мөлшері аз рацион нашар желінеді, сиырлар жібіген / дымқыл азықты ұнатпайды!

Табысты фермалар апта сайын рациондағы құрғақ зат мөлшерін тексеріп тұрады. Бұл көрсеткіш белгілі болған кезде ғана араластыру және тарату хаттамаларын реттеуге болады. Біздің «Сауын сиырларды азықтандыру» бақылау тізімін және «Сүтті сиырлардың азық тұтынуын арттыру» атты жаднамамызды оқыңыздар. Біз сіздердің фермаларыңызда жемшөптің кәсіби мониторингін қалай ұйымдастыру керек екенін көрсетуге дайынбыз.

Уве Веддиге

Фото: Бұл екі кептіргіш аса қолайлы. © KFM

8 04, 2025

Бұзаулардың өзара емуінің алдын алу

2025-04-09T07:04:14+01:008. апреля 2025|

Көптеген табындарда бұзаулар бір-бірін емеді, көбінесе бұл желін, ұма, кіндік, ауыз, құлақ немесе құйрық аймақтарына қатысты. Бұзауларды емізіп енесімен бірге ұстау әдісінде ондай әдет кездеспейді.

Бір бірін еметін жануарлар бұл жағдайда ас қорыту жүйесінің бұзылуынан зардап шегеді, ал ему объектісіне айналған бұзаулардың емшек жарақаттары желіннің төрт бөлігінің бірін жоғалтуына әкелуі мүмкін. Мұндай табындарда бір бірін еметін қашарлар мен жас сиырлар да жиі кездеседі. Егер бұзаулар азықтанғаннан кейін бірден бір бірін еме бастаса, бұл олардың тоймағандығын көрсетеді. Емізікті шелекте сұт мөлшері мол болса, оны ішу уақыты ұзақтау болады да, осы жиі кездесетін ауытқу — бір бірін ему — азая бастайды. Сүтке глюкозаны қосу қандағы қант деңгейін жоғарылату және тоқтық сезімін арттыру үшін тиімді екенін дәлелденген. Бір литр азыққа  тек 2 грамм глюкоза қосу жеткілікті.

Азықтану уақытынан тыс ему себептері, керісінше, көбінесе бұзауларды ұстау жағдайына байланысты болады. Сіз KFM жобасының «Бұзаулардың бір бірін емуі туралы» тегін жадынамасынан әртүрлі кеңестерді оқи аласыздар. Кейде осылай емудің алдын алу үшін қолданылатын мұрнында арнайы сақиналары бар ересек жануарларды кездестіруге болады. Алайда, көбінесе аса икемді жануарларға мұндай құрылғылар әсер етпей жатады.

Уве Веддиге

Фото: Аш бұзаулар тоқ бұзауларға қарағанда жиірек емеді © KFM

 

4 04, 2025

Жүсіп Ернұр: Сүт шаруашылығын дамытып жүрген жас фермер

2025-04-04T11:41:57+01:004. апреля 2025|

Жүсіп Ернұр Сапарханұлы – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Жамбыл ауылының тумасы.

Фермерлер отбасында өскен ол бала кезінен жердегі еңбек – жай ғана кәсіп емес, үлкен жауапкершілікті және адалдықты қажет ететін іс екенін түсінді.

Ернұр аграрлық білімін Мақтаарал аграрлық колледжінде алып, кейін Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Зооинженерия» мамандығы бойынша жалғастырды.

Ол – сүтті мал шаруашылығы бойынша мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған неміс-қазақ KFM жобасының алғашқы түлектерінің бірі. Осы жоба аясында Ернұр Германияда оқудан өтіп, сүтті малға күтім жасаудың заманауи технологияларын, сауу процестерін автоматтандыруды, сүт сапасын арттыру әдістерін және жем-шөппен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін меңгерді.

Практикалық тәжірибені Қазақстанның алдыңғы қатарлы сүт шаруашылықтарында жетілдірді.

Бүгінде Жүсіп Ернұр – «Байсерке-Агро» ғылыми-өндірістік оқу орталығының аға жаттықтырушысы және сүт өндірісі бойынша кеңесшісі. Жас маман сала мамандарының біліктілігін арттырумен, тренингтер өткізумен және фермерлерге мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша кеңес берумен айналысады.

Ернұр сүтті мал шаруашылығын тиімді басқару саласына маманданған, сонымен қатар сапалы жем-шөп әзірлеу, сүтті мал басының көбеюін қамтамасыз ету, фермерлерді оқыту, тиімді командалар құру және малдың саулығын жақсарту арқылы сүт сапасын арттыру мәселелерімен де айналысады.

Халықаралық тәжірибе мен терең білімінің арқасында Ернұр Қазақстандағы сүтті мал шаруашылығына озық технологияларды енгізуге ұмтылуда.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/968739?lang=kk

Фото: Ернұр Жүсіп © KFM

1 04, 2025

Өт тастары сұранысқа ие!

2025-04-03T10:05:40+01:001. апреля 2025|

Ірі қара малдың өт тастары дәстүрлі қытай медицинасында қолданылады. Аса үлкен сұраныс олардың бағасының өсуіне әкеледі. Қарапайым қоңыр-қызғылт сары тастар, қатты кристалданған өт қалдықтары сұранысқа ие. Олар ұнтақ түрінде, кейде инсульт, қан ұйығыштары мен инфекциялардың әсеріне қарсы тиімді балама құрал ретінде ұнтақталған буйвол мүйізі және құрамында мышьяк бар асыл тастар сияқты басқа ингредиенттермен араластырылады. Сұраныс көбінесе Қытайда жоғары, бірақ Жапония, Тайвань және Оңтүстік Кореяда да сатып алушылар көп. Алайда оның тиімділігі әлі дәлелденген жоқ.

Дегенмен, нарықтағы бағасы таңғалдырады: тастар алтыннан екі есе қымбат — әсіресе қою қызыл түсті мінсіз үлгілері.

Өт тастарының негізгі жеткізушісі — Бразилия, онда «жылдық өндіріс көлемі» 2000 килограмды құрайды. Басқа экспорттаушылар — Австралия, Колумбия және Парагвай. Бұл елдерде көптеген жайылымдар бар, ал жануарлардың кейінірек сойылатындығы өт тастарының пайда болуына ықпал етеді.

Дереккөз: The Wall Street Journal, Уве Веддигенің қысқартуында

Фото: Көптеген кәрі жануарларда өт тастары болады © KFM

28 03, 2025

Неліктен тұяқ кесу соншалықты маңызды?

2025-03-28T04:26:34+00:0028. марта 2025|

Тұяқтардың сау болуы жануарлардың денсаулығы үшін маңызды. Тұяққа күтім жасалмаса жануар аксайды, жүріп-тұрғанда қиналып, ауруға шалынуы мүмкін. Бұл жануарлардың әл-ауқатына әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар экономикалық шығындарға әкеледі. Тұяқтар-бұл жануардың тірегі, олар бүкіл салмақты көтереді және үнемі зақымданып тұрады. Тұрақты күтім болмаса тұяқтар деформацияға ұшырайды, ауру тұяққа басалмағандықтан салмақ біркелкі түспейді, қабыну және инфекция қаупі пайда болады. Нәтижесінде жануар ақсап, азықты аз тұтына бастайды және оның жүріп-тұруы шектеліп қалады.

Емделмеген тұяқ аурулары тез асқынып созылмалы түрге айналуы мүмкін. Бұл сиырлардың сауым сут мөлшері мен өсімталдығына әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар мал дәрігерінің қызметіне шығындар мен жұмыс көлемін арттырады. KFM жобасының «Сиырлардың ақсақтығын бағалау«, «Тұяқ күтімі» және «Тұяқ ваннасы» атты жаднамалар мен бақылау тізімдерін қараңыздар. Тұяқтарды жүйелі түрде кесіп тұру — ақсақтықтың, аурулардың және экономикалық шығындардың алдын алудың ең тиімді шараларының бірі. Бұл шара жақсы дайындалған тұяқшылар мен арнайы құралдар болса ғана тиімді болады. Аркабайда немесе сіздер жақта тренингке қатысу мүмкіндіктері туралы бізден сұраңыздар. Байланыс: unpcbayserke-agro@mail.ru

Уве Веддиге

Фото: Хольгер Пловка тренинг кезінде © KFM

26 03, 2025

Су — ең арзан азық

2025-03-26T12:30:17+00:0026. марта 2025|

Біз бәріміз шөлдің — нағыз қатты шөлдің қандай болатынын білеміз ғой! Сондықтан су сіздердің сиырларыңыз үшін ең маңызды азық екенін де түсінеміз.

Сүтті сиыр күніне 120-180 литр су ішеді, кейде одан да көп. Оған су қандай мөлшерде қажет екені сауым мен қоршаған ортаның температурасына байланысты. Әсіресе жазда ыстықта сиырлар суды көп мөлшерде қажет етеді. Жеткілікті су ішпегендігі жемшөпті тұтынуына теріс әсер етеді, демек, сүт сауымы мен сіздің табыныңыздың денсаулығына әсер етеді.

Тұтынылатын құрғақ заттың әр килограмына шаққанда сиырлар орташа есеппен 5-6 литр су ішуі керек. Сондықтан сиырларыңыз ішетін судың сапасы ауыз су сапасындай болғаны өте маңызды. Су берілетін астауды күнделікті және мұқият тазалап тұру керек. Судың сапасы нашар болса, ол көбінесе желін денсаулығының нашарлануына, ұрықтылықтың төмендеуіне және ішек ауруларына әкеледі.

Су ішетін орын сиырға жақын болуы керек. Сиырлар сауылғаннан кейін қатты шөлдейді, сол кезде күнделікті су мөлшерінің шамамен 30 % ішеді. Сауын залынан қайта орынына барар жол бойында жеткілікті мөлшерде су болғаны дұрыс.

Астауларыңыз жеткілікті ме? Олар тар жолдарда орнатылған ба? Әр жануарға астаудың ұзындығының 10 немесе 12 см жоспарлануы тиіс. Ескі әдеби дереккөздерде бір сиырға 7 см көрсетілген. Бұл ақпаратты ескірген деп санасақ болады.

Сондай-ақ, KFM жобасының «Мал ішетін судың сапасын қамтамасыз ету бойынша 10 кеңес» тегін жаднамасын қараңыздар, KFM ұжымы сіздің сұрақтарыңызға жауап беруге дайын.

Уве Веддиге

Фото: Астаудың жанындағы сиыр © KFM

20 03, 2025

Желінді отпен тазалаймыз!

2025-03-20T09:16:22+00:0020. марта 2025|

Желіндегі түктерді үнемі кетіріп тұру сауу гигиенасын жақсартуға және мастит қаупін азайтуға айтарлықтай үлес қосады. Түктерге кір мен бактериялар жиналып қалады, бұл сүттің сапасына теріс әсер етеді.

Түктерді кетірудің дәлелденген әдісі – «суық» отпен күйдіру. Бұл тез, тиімді және желін гигиенасын сақтауға көмектеседі. Процес қауіпсіз және нәтижелі болу үшін үшін келесі ережелерді сақтау қажет:

  • Қозғалмайтындай қылып бекітіп тастау: қорада стрессқа түсіп мазасы кетпеуі үшін, тыныш тұратындай сиырларды хедлоктарға бекітіп ұстау керек.
  • Желінді дайындау: ол таза және құрғақ болуы керек. Екінші адам құйрықты бүйіріне басып, күйген түктерді алып тастап тұрады.
  • Жанарғыны дұрыс қолдану: жалынның биіктігі 20-25 см болуы керек және қолданар алдында оны тексеріп алған дұрыс.
  • Жанарғыны желіннен 10-20 см қашықтықта ұстап, сегіздік бағытында айнала біркелкі қозғалтып отыру керек.

Назар аударыңыздар: «Суық» жалын пайда болу үшін газ оттегінің аз мөлшерімен ғана жануы керек. Сонымен қатар, теріңізді күйдіріп немесе оны тітіркендіріп алмау үшін жанарғыны үнемі қозғалтып тұру керек.

Осындай жолмен жасалатын желін түкттерін күйдіру процесі желіннің тазалығын қамтамасыз етеді, саууды жеңілдетеді, инфекция қаупін азайтып, сүттің сапасын жақсартады.

Бақдәулет Тұрсынбай

Фото: «Суық» жалынмен желін түктерін кетіру © KFM

18 03, 2025

KFM ұжымына мал дәрігері қосылды

2025-03-18T09:44:24+00:0018. марта 2025|

KFM жобасы көптеген семинарлар мен практикалық тренингтер өткізеді, осылайша ол сүт өндіру бойынша оқу орталығын дамытуға және кеңесшілер мен ветеринарлардың біліктілігін арттыруға қолдау көрсетеді. Мақсаты — сүт сапасын, жануарлардың әл-ауқаты мен денсаулығын жақсарту және барлық сүт өндіретін фермалардың кірістерін арттыруға мүмкіндік туғызу.

Жақында біздің жобада жұмысын бастаған жоғары білікті ветеринар Ярослав Коган жануарлар мен желін денсаулығы және осыған байланысты барлық мәселелер бойынша жұмыс саласын басқаратын болады.

52 жастағы маман Полтавадағы / Украина мемлекеттік ауылшаруашылық академиясында ветеринарлық медицинаны оқыған. Содан кейін ол Украина, Өзбекстан және Қазақстандағы ірі және орта мал фермаларында үлкен тәжірибе жинады. Оның практикалық тәжірибесінде сиырлардағы мастит пен метаболикалық  себептерден ас қорыту процестерінің бұзылуын алдын-алу, емдеу шаралары, сондай-ақ бұзаулардағы тыныс алу аурулары мен диареяның алдын алу ерекше орын алады.

Уве Веддиге

Фото: Мал дәрігері Ярослав Коган © KFM

14 03, 2025

Саууды үйрену мастит ауруын азайтады

2025-03-14T04:40:56+00:0014. марта 2025|

Сауу процесінің жұмыстарын дұрыс орындау маститтің алдын алу және сүт сапасын жақсарту үшін өте маңызды. Жұмыс процестерін рет-ретімен орындамаса, кателік жіберсе, сүт сапасы төмендеп кетеді. Соңғы бес жылда KFM жобасы аясында 260-тан астам маман сауу бойынша практикалық тренингтерден өтті. Маститтің пайда болуына апаратын факторларды және сауу процесінің әрбір жеке кезеңінің маңыздылығын түсіндіруге көп назар аударылды. Тренинг алдында және одан кейін Уве Веддиге жұмыс барысындағы өзгерістерді анықтау үшін сауу бригадаларының жұмысын қадағалады. Желіннің денсаулығы мен сүт сапасы қолда бар мәліметтер негізінде бағаланып тұрды.

Нәтижелер мастит анықтауға байланысты жалпы жағдайдың және сүт сапасының жақсарғанын көрсетеді. Олар сауу процесін, сүт сапасын және желіннің денсаулығын жақсарту үшін сауыншыларды арнайы оқыту маңыздылығын көрсетеді.

Сауыншыларды үйрету олардың сауу процесі барысында жұмыстардың реттілігін сақтауына қатысты білімі мен дағдыларына оң әсер етті. Сауыншылардың сүт сапасын қамтамасыз етудегі негізгі рөлін ескере отырып, KFM командасы  тауарлы сүт фермаларын дамыту мақсатында арнайы тренингтер ұсынады.

Тақырыпқа қатысты KFM  жобасының «Сауу процесі» атты бақылау тізімін және «Калифорниялық тест» жаднамасын оқыңыздар.

Уве Веддиге

Фото: Сауу бойынша тренинг өткізер алдындағы пікір алмасу © KFM

11 03, 2025

Қыста да сүрлем қызып кете ме?

2025-03-11T08:27:09+00:0011. марта 2025|

Сүрлемнің қызу қаупі тек жазда ғана болмайды. Сіз бәрін дұрыс жасадыңыз және сүрлемдеу процесі аяқталған сияқты ма? Осыған қарамастан, сүрлемде бар ашытқы сүрлем ашылғанда оны қайта қыздыруы мүмкін. Бірақ бұл үшін оған оттегі қажет. Қалдық қант пен сүт қышқылы ашытқыларды көректендіреді, нәтижесінде сүрлемнің рН деңгейі жоғарылайды. Сүрлемнің қызуы, ең алдымен, сүрлемнің энергияны жоғалтатынын білдіреді. Әрбір 10 °C температураға қызыған сайын күніне бір килограмм құрғақ затқа шаққанда шамамен 0,1 МДж NEL жоғалады. Сүрлемнің зақымданғанын температура зондымен немесе жылу камерасымен тез анықтауға болады.

Сүрлемді арнайы техникамен алмағандықтан кесілген/бөлінген жерін қопсытып тастау немесе  сүрлемді жеткілікті тығыздамау оның қызуына апарады. Сүрлемде оттегі неғұрлым көп болса, соғұрлым ашытқы көбейеді және сүрлем көгеріп кетеді. Сүрлемді траншеядан тиісті  жылдамдықпен алмаса да ашытқы мен зең көбейеді. Егер қыста аптасына траншеядан алу барысында 1,5 метрге жылжу жеткілікті болса, жазда 3 метр немесе одан да көп алу қажет. Сүрлемдеу кезінде құрғақ заттың мөлшері де қайта қызыуна әсер етуі мүмкін. Құрғақ сүрлемді тығыздау әлдеқайда қиын.

Сүрлемді қопсытпай кесіп /бөліп алу өте маңызды; сүрлеміңізді сақтау үшін барлық қопсытылып шашылған қалдықтарды күніне кемінде бір рет толығымен алып тастау керек. Егер сүрлемді алу жылдамдығын ұстану мүмкін болмаса, алынғын шетін сұйылтылған пропион қышқылымен тұрақтандыруға болады. Пропион қышқылы ашытқы мен зеңнің өсуі мен көбеюін тоқтатады. Алайда, бұл ерітінді тек сепкен жеріне ғана әсер етеді. Егер ашытқы сүрлемнің алынатын жерінен терең таралып кетсе, шығын болуы сөзсіз.

Осы тақырып бойынша KFM жобасының  «Сүрлемдеу барысындағы қателіктер» атты жаднамасында да мәлімет бар.

Уве Веддиге

Фото: Жемшөп араластырғышына тиегенде қатты қызған сүрлемнен бу шығады © KFM

Go to Top