21 02, 2023

Биореактордан алынатын балық

2023-02-21T04:53:13+00:0021. февраля 2023|

Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының мәліметтері бойынша, көптеген балық қорлары қазірдің өзінде артығымен ауланған. Бұл мұхиттардағы экожүйелер мен қоректік тізбектерге ғана емес, сонымен қатар ақуыздың маңызды көзі балық болып табылатын миллиондаған адамдардың тамақтануына қауіп төндіреді.

Жақында неміс компаниясы жасушалар негізінде балық өндіру процесін әзірледі. Зертханада ғалымдар балық тіндерінің жасушаларын шексіз бөліне алатын дің жасушаларының түріне айналдырады. Содан кейін жасушалар қоректік ерітіндісі бар биореакторға орналастырылады. Қазіргі уақытта сарапшылар зертханалық балықтың дәміне үлкен әсер ететін қоректік ортаны оңтайландыру барысында жұмыс істеуде.

Бастапқыда жасушалық компоненттерден басқа өсімдік ақуызы бар балық фрикаделін, балық таяқшаларын және балық тартарын шығару жоспарлануда. Кейінірек балық филесі де шығарылады.

Әзірлеушілердің пікірінше, биореактордағы жасуша негізіндегі балық өндірісі мұхиттардағы балық өндірісін алмастыра алады және осылайша жануарлар ақуызымен жаһандық қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қоса алады. Нарыққа шығу 2023 жылдың соңына жоспарланған.

Бұл жоба израильдік стартап идеясына ұқсайды. Ремилк компаниясы дәмі мен әсері кәдімгі сиыр сүтімен бірдей өнімдер шығару үшін ферментация процесін қолдануды жоспарлап отыр. Бұл туралы біз: «Жасуша негізінндегі сүті: тренд немесе нонсенс?» деген тақырыппен жазған едік.

16 02, 2023

Таза сиырлар — сау желіндер!

2023-02-16T06:17:02+00:0016. февраля 2023|

Желін аурулары негізінен емшек каналы арқылы желінге енетін бактериялардан туындайды. Осыған қоса күтімдегі, гигиенадағы, азықтандырудағы, басқарудағы немесе сауу кезіндегі басқа кемшіліктер де ықпал етеді.

Бірақ сиырлардың тазалығы желіннің денсаулығына қалай әсер етеді? Бұл сұраққа жауап табу үшін практикалық зерттеу барысында неміс голштин сиырларының тазалығы туралы мәліметтер жиналды.

Нәтижелер жануарлардың тазалығы мен соматикалық жасушалар саны арасындағы нақты байланысты көрсетеді. Бұл желіннің тазалығын бағалау кезінде айқын көрінді: желіні өте таза сиырлардың соматикалық жасушаларының саны — Ø 160 570 соматикалық жасуша, желіні таза деп бағаланған сиырлардың көрсеткіштері — Ø 204 210 соматикалық жасуша, желіні лас сиырларда — 446 100 соматикалық жасуша.

Сондай-ақ, желін мен жамбастарының тазалығы соматикалық жасушалар саны (≥ 400 000) өте жоғары сиырлардың санына қалай әсер ететіні анықталды. Сонымен қатар, өте көп соматикалық жасушалары бар сиырлардың үлесі желін мен жамбастары көбірек ластанған сайын екі есеге жуық өсетіні анықталды. Осылайша, лас сиырларда субклиникалық және тіпті клиникалық желін инфекцияларының қаупі айтарлықтай артады.

Бұл зерттеудің нәтижелері таза сиырлардың соматикалық жасушалар санының көрсеткіштері айтарлықтай төмен екенін көрсетеді. Сонымен қатар, соамтикалық көрсеткіші өте жоғары сиырлардың үлесі олар қатты ластанған сайын айтарлықтай артады. Бұл мұндай жануарлардың желін ауруларының асқыну қаупін арттырады. Сондықтан сиырлардың ластануына әкелетін факторлардың әсерін мүмкіндігінше шектеу керек.

Доктор Джейкоб Грёневольд, қысқартқан Уве Веддиге

Кесте: Грёневольд/Веддиге

Осы тақырып бойынша қосымша ақпаратты біздің 2023 жылдың ақпан айындағы ақпараттық бюллетенімізден оқи аласыздар.

9 02, 2023

Қорадағы барлық бокстарға күтім керек!

2023-02-09T05:44:27+00:009. февраля 2023|

Сиыр жататын жер — қорадағы ең маңызды орындардың бірі. Бұл саланы дұрыс басқару сиыр ұстаудың ыңғайлылығын едәуір арттыра алады.

Жақсы орынның басты және негізгісі — оның үсті, ол органикалық төсеніш материалдарының арқасында әрдайым құрғақ және ылғалды сіңіретіндей болуы керек. Төсеніштегі дезинфекциялау материалдары РН көрсеткіштеріне байланысты микробтардың азаюын қамтамасыз етеді. Сиырлар күніне 12-14 сағат уақытын жатып өткізетін болғандықтан, төсеніш материалы желін мен емізік терісіне зақым келтірмейтіндей болуы қажет.

Сиыр тұрып-жататын орынға жақсы күтім жасау сауу кезінде патогендік микробтардың таралу қаупін айтарлықтай төмендетеді және әсіресе сиырлардың аяқтары мен желіндерін таза ұстауға мүмкіндік береді.

Әр бокстың үш сипаттамасы болуы керек:

  • тазалық,
  • құрғақтық,
  • жұмсақтық пен иілімдік.

Терең бокстар үшін матрастың ойластырылған дизайны өте маңызды. Бокстағы матрас неғұрлым қалың және тұрақты болса, сиырдың жайлылығы мен әл-ауқаты соғұрлым жоғары болады. Қалай болғанда да, ылғалды ұстап тұру және микробтардың колонизациясын азайту үшін гигиеналық қабат пайдалы болады. Сондықтан сабан,әк пен су қосындысы жиі қолданылады.

Терең бокс матрасынан айырмашылығы, биік бокстың беті тек резеңке төсеніштен тұрады. Сондықтан ылғалды сіңіру үшін ұсақталған сабан немесе ұсақталған сабан мен әк қоспасы сияқты төсеніш материалдарын салу қажет.

Уве Веддиге

Фото: KFM

8 02, 2023

Тұяқтардың сау болуына арналған 9 кеңес

2023-02-08T08:21:36+00:008. февраля 2023|

Сиырлар ақсап қалғанда, олар қиналады, сонымен қатар олардың сүті азаяды. Тұяқтардың сау болуы және оларға күтім жасау сиырлардың ұзақ өмір сүруі мен жоғары өнімділігі үшін қажетті шарт болып табылады. Осылайша, тұяқ күтімі бір жағынан терапия, екінші жағынан профилактика болып табылады.

KFM жобамыздың халықаралық сарапшысы Хольгер Пловка (суретте сол жақта) тұяқтардың саулығы туралы кеңестер береді:

  1. Тұяқ күтімін дер кезде бастаңыз: Пловка тұяққа күтім жасауды бірінші төлдеуден кемінде екі ай бұрын, немесе бірінші ұрықтандыру жасында бастаған дұрыс дейді.
  2. Тұяқ күтімін үнемі қайталап тұру керек: «Тұяқтардың профилактикалық күтімін жылына үш рет жасау керек, әйтпесе көптеген фермаларда тұяқ күтуді оны әбден емдеу қажет болғандаға ғана бастап жатады», — дейді Пловка.
  3. Тиісті уақытта: тұяққа күтім жасау әсіресе суалту кезінде және төлдегеннен кейін екі айдан кейін маңызды. Сонымен қатар, жақсы басқарылатын фермада жануарлардың 90% — ы ақсақтыққа ұшырамайды.
  4. Емдеу неғұрлым ерте басталса, соғұрлым жақсы. Сондықтан Пловканың кеңесі: «Егер ақсақтық белгілері пайда болса,сиырды тұяқ өңдеу жабдығына апару керек.

Тұяқ өңдеу жабдығы/станогы адам сиырды жалғыз өзі кіргізіп, оны өңдей алатындай етіп орналастырылуы керек. Егер машина фермаға осылай орнатылған болса ғана, ол қолданылады.

  1. Тұяқ аурулары сиырларға өте ауыр тиеді:» ақсандап қалған малға ауырсынуды басатын дәрі беруіңіз керек», — деп түсіндірді Пловка. Бұл сонымен қатар қалпына келтіру деңгейін де арттырады.
  2. Тұяқ күтімін тіркеп отыру: сарапшы тұяқтарды өңдеу мен емдеуді құжаттауды ұсынады.
  3. Дұрыс азықтандырыңыз! Пловка дұрыс азықтандыру да тұяқтардың денсаулығының негізі екенін атап өтті.
  4. «Тұяққа күтім жасау ақша қажет етпейді, ол ақша әкеледі», — деп атап өтті сарапшы, өйткені тұяққа үнемі және профилактикалық күтім жасау емдеу шығындарын азайтып қана қоймайды, сонымен қатар жануарлардың ұзақ өмір сүруіне және өнімділігіне жақсы әсер етеді.

Уве Веддиге

Фото: KFM

7 02, 2023

Уызды жылытып беру

2023-02-07T05:00:26+00:007. февраля 2023|

Уыз жас малдың өзінің иммундық жүйесін қалыптастыруындағы маңызды негізін құрайды. Уыз арқылы пассивті иммунитет  беріледі және ол осылайша өмірдің алғашқы күндерінде патогендерден қорғаудың және қалыпты дамудың негізі болып табылады.

Антиденелерге толы таза және жоғары сапалы уыз  — бұл күнделікті жұмыстағы мақсат ретінде ең жоғары басымдыққа ие болуы керек. Уыз сүтін бактериялармен ластап алмау керек.

Сондықтан микробтарды жою үшін белгілі және жиі қолданылатын әдіс уызды жылыту болып табылады. Термиялық өңдеу уызға қалай әсер ететіні АҚШ-та 100-ден астам бұзауға жүргізілген зерттеуде қарастырылған.

Нәтижесінде, уызды жылыту бұзауларға жалпы оң әсер етеді және олардың денсаулығын нығайтады деп айтуға болады. Жылытылмаған сүтпен салыстырғанда, 60 минут бойы жылытылған уыз ішкен бұзаулардың қанында антиденелер 27 % — ға көп болды. Бұл иммундық жүйенің қоздырғыштармен сәтті күресуінің маңызды факторы.

Сүттегі микробтардың мөлшері жылытқан кезде азаятын болса да, абсолютті гигиенаны сақтау қажет. Антиденелердің құрамын үнемі қадағалап отыру үшін уыздың сапасын үнемі тексеріп отырыңыз. Американдық ғалымдар уызды 60 °C дейін 60 минут қыздыру керек деп ұсынады.

Уве Веддиге

Фото: KFM

31 01, 2023

Сүттің месқарынға өту салдарынан болатын диарея

2023-01-31T05:19:19+00:0031. января 2023|

Көптеген сүт фермаларында бұзау диареясы өмірдің бірінші айында бұзаулардың өлімінің жалпы себебі болып табылады. Мұның бір себебі сүтті асығыс ішу барысында оның месқарынға  өтіп кетуі болуы мүмкін.

Сүт бұзаудың месқарынына түспеуі керек, оны бұзау тек ұлтабарда ғана сіңіре алады! Сондықтан бұзау емізікті сорған кезде өңеш рефлексі іске қосылып, ол сүтті тыртықтың кіреберісі жанынан өтіп тікелей ұлтабарға бағыттайды.

Тез және асығыс соратын бұзауларда сүт месқарынға өтіп кетуі мүмкін. Сүт тікелей месқарынға түсіп, сол жерде аши бастайды. Бұл месқарындағы РН деңгейінің күрт төмендеуіне әкеледі және месқарынның шырышты қабығының қатты тітіркенуіне әкеледі.

Сонымен сүттің месқарынға өтуінің ең маңызды белгілері:

  • тәбеттің болмауы, сүт ішуге зауқы болмауы, сүт шелегінің емізігін шайнау,
  • тістердің сықырлауы, алдамшы күйіс қайыру, заттарды кеміру,
  • бүкірейіп тұруы, іштің сол жағы қампиып тұруы, физикалық әлсіздік және
  • сұр, саз тәрізді нәжіс және диарея.

Тез, асығыс ішудің және сонын салдарынан сүттің месқарынға өтуінің себебі — сүт беру кезіндегі қателіктер:

  • бір уақытта тым көп сүт бермеңіз, әсіресе жас және кішкентай бұзауларға,
  • сүт ұлтабардан месқарынға өтіп кетпеуі үшін үшін оны бірнеше ретб бірақ 1,5 литрден артық бермеіңіз,
  • тек жылытылған сүтті беріңіз, шамамен 38-40 °C және
  • шелектің емізігінің тесігі тым үлкен болмауы керек.

Айтпақшы, бұзаулардың бірін бірі соруы олардың сору рефлексі қанағаттандырылған кезде әлдеқайда сирек кездеседі. Мұның жақсы белгісі – сүт ішу кезінде сілекейдің көбірек шығуы. Бұзаулар сүт ішкен кезде бастарын сәл көтеріп тұруы керек — сиырлар сияқты. Ашық шелектерден ішу әрқашан табиғи емес қалыпта тұруды қажет етеді!

Ауру бұзауларды азықпен, жақсы шөппен және таза сумен қамтамасыз етіңіз, сонда месқарын қалпына келеді және жақсы дамиды.

Уве Веддиге

Фотo: KFM

26 01, 2023

Малдан адмаға жұғатын трихофития

2023-01-26T07:31:52+00:0026. января 2023|

Бұл әсіресе қыста байқалады: көптеген табындарда қырма таз ауруы (трихофития) таралады. Ауру сүттің азаюына әкеледі және зооноздық ауру деп аталатындықтан, адамға да жұғуы мүмкін.

Сондықтан ірі қара малды бұл аурудан шынымен дәйекті түрде емдеу керек. Трихофитиямен аурған немесе соның белгілері бар бұзаулармен және ірі қара малмен жиі байланыста болатын кез келген адам инфекциядан қорғану шараларын білуі керек.

Trichophyton verrucosum қоздырғышы өте төзімді және өте жұқпалы. Жұқтыру негізінен малмен тікелей байланыста болғанда мүмкін. Сонымен қатар, ол ластанған орта арқылы да жұғуы мүмкін. Көптеген жағдайларда, ең алдымен, қолдар мен білектер, сондай-ақ бет аймақтары зардап шегеді. Алдымен жасымық көлеміндей аздап қызару пайда болады.

Ірі қара малдан жұққан трихофития ауруы антимиотик препараттарымен емделеді. Оларды ұзақ уақыт бойы жақпа түрінде қолдану немесе таблетка түрінде ішу қажет.

Аурған малмен күнделікті жұмыс істегенде фермерлер мүмкіндігінше қолғап киюі керек. Сондай-ақ, ауру жануарлар сүйкенген мал щеткалары сияқты қорадағы құралдарға мұқият болу керек. Алайда, қара малды трихофитияға қарсы вакцинациялау бұл инфекцияның адамға жұғуына жол бермеудің бірден-бір жолы.

Уве Веддиге

Фото: KFM

24 01, 2023

Испания: әрбір фермада ең көбі 850 сиыр

2023-01-24T07:04:46+00:0024. января 2023|

Испанияда болашақта фермалардағы сүтті сиыр саны 850-ден аспайтын болады.

Жақында Испания үкіметі әлеуметке аса білдірмей көп мал ұстауға тыйым салатын жарлық шығарды. Болашақта сүтті қара мал басы 850- ден аспайтын фермалар ғана жұмыс істей алады.

Бірнеше азаматтық бастамалар алып фермаларға қарсы күресуде. Олар жаңа заң «шағын және орта фермерлерді нығайтады және қоршаған ортаны қорғайды»деп санайды. Күреске елдің солтүстік-шығысында 23 520 сиырға арналған ірі кешен салу жоспары себеп болды. Бұл Еуропадағы ең үлкен және әлемдегі бесінші ферма болар еді. Оның қарсыластары табиғат, су және ауа жағдайы үшін алаңдауда.

Болашақта осыған дейін жұмыс істеп келе жатқан ірі  фермаларды кеңейту де мүмкін болмайды. Ондай ірі фермаларға өз жұмысын жалғастыруға рұқсат етіледі, бірақ болашақта олар қатаң бақылауға алынады.

Жаңа заң бойынша фермада ірі қара мал саны 850-ден аспайтын болу керек. Сүт сиыры толық бір бірлік болып саналады, бұзаулар жасына қарай есептеледі. Өте жас бұзаулар тек 0,4 бірлік, одан үлкен  жастағы жас малдар 0,7 бірлік болып саналады.

Гринпис өкілі Луис Феррейрим үшін жаңа заң «айқын сигнал» болып табылады, бірақ ол әлі де «шағын және орта шаруашылықтар шынымен тұрақты мал шаруашылығы үлгісіне жетуіне әлі ұзақ уақыт керек «деп санайды. Гринпис және Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының  ауыл шаруашылығы комитеті (COAG) сүтті сиыр санын 180 бірлікпен шектеуді талап етті.

Уве Веддиге

Фото: Веддиге

17 01, 2023

Жаңа тұған бұзаулардың кіндігін дезинфекциялаңыздар

2023-01-17T08:46:43+00:0017. января 2023|

Әрбір үшінші бұзауда кіндік қабынуы болады, бірақ солардың көбі емделмейді.

Кіндіктің қабынуы әдетте өмірдің бірінші және екінші апталарында пайда болады. Кіндік ісініп, жылы және ауыршан болады. Жас бұзаулардың ыстығы көтеріліп, олар әлсіз көрінеді, көп жатып, тәбеті болмайды.

Кіндіктің қабынуы кіндік абсцессіне айналуы мүмкін. Оның салдарынан болатын бауырдың абсцессі және менингиттің немесе буындардың қабынуы, іш қуысындағы адгезиялар мен жабысқан жерлер жиі өлімге әкеледі.

Не істеуге болады?

  • Төлдеуге арналған таза бокстар: ауру сиырларға арналған бокстарды және сиырлар жататын құрғақ орынды сиырлардың төлдеуіне қолдануға тыйым салынады.
  • Кетоздың алдын алу: егер сиырлар төлдеу уақытына қарай тым семірген болса, кетоздың даму қаупі айтарлықтай артады. Мұндай сиырлардың бұзаулары сүт сорғысы келмейді, сондықтан уыз сүтінен антиденелерді аз сіңіреді. Бұл оларды әсіресе кіндік инфекцияларына сезімтал етеді.
  • Өмірдің бірінші сағатында уызды дұрыс беру.

Кіндікті қалай дұрыс дезинфекциялауға болады?

Дезинфекция жасайтын шыныаяқтың жартысын немесе төрттен үш бөлігін йодтың ерітіндісімен толтырып, бүкіл кіндікті соңына дейін батырыңыз. Содан кейін қалған батыру ерітіндісін төгіп, шыныаяқты жуыңыз. Кіндікті осылай дезинфекциялау жаңа тұғанда бір рет және бір күннен кейін екінші рет жасалады.

Ветеринар Ким Майер Elite Magazine журналында, өңдеген Уве Веддиге

Фото: Веерда

12 01, 2023

Қыста желінді күту

2023-01-12T05:32:26+00:0012. января 2023|

Сиырлар тез тоңа қоймайды, бірақ олардың емшектеріне суықтың әсері оның біздің саусақтарымызға әсер еткенімен бірдей: суықтан қан тамырлары тарылып, ұлпадағы қан ағымы азаяды және ол суықтан зақымдалуы мүмкін. Жел мен ылғалдылық бұл әсерді күшейтуі мүмкін. Емшек терісі зақымдалып, қатпал және кедір-бұдыр болып қалады.

Бұл сиырлардың оңай сауылуына ғана емес, сонымен қатар мастит қоздырғыштарына қарсы табиғи тосқауылға да әсер етеді. Олар кедір-бұдыр емшектерге тез жабысып қана қоймайды, сонымен қатар желінді олардан тазалау да қиынырақ болады.

Саууға дейін және кейін жақсы күтім жасалған емшек терісі  жұмсақ, тегіс және қызғылт болады.

Сауу аппаратын алып тастаған кезде емшек әрқашан құрғақ болуы керек. Егер олар ылғалды болып қалса, тез салқындау қаупі бар. Ылғал емшек ұштары көбінесе сүт ағынының немесе вакуумның өзгеруінің белгісі болып табылады. Бұл жағдайда сауу қондырғысы уақтылы тексеріліп, дұрыс реттелуі керек.

Арнайы емшекті батыру құралдары қыстың өте суық күндерінде ғана қажет. Ол құралдар патогеннің емшек терісіне қысымын төмендетуге және екінші жағынан емшек терісіне күтім жасауға арналған. Бұл қыста да, жазда да маңызды.

Нөлден төмен температурада емшекті сондай құралға батырған сон емшектің ылғалдылығы проблемаға айналуы мүмкін. Бұл жағдайда емшектің ұшын ақырын дәкені/майлықты сәл-сәл тигізе отырып құрғатқан жөн.

Уве Веддиге

Фото: KFM

Go to Top