Жылдың суық кезеңінде бұзаулар теміреткісі деп аталатын ауру көптеген табындарда жиі кездеседі. Аурудың қоздырғышы – паразиттік саңырауқұлақ Trichophyton verrucosum. Ол кератинмен қоректеніп, жүн жамылғысында сопақша немесе дөңгелек пішінді, тақырланып, қабыршақтанған ошақтардың пайда болуына әкеледі.
Ауруға ең алдымен иммунитеті әлсіз және жас малдар шалдығады. Көп жағдайда саңырауқұлақ бүкіл табынға таралады. Инфекцияның негізгі көзі – әлсіреген жануарлар. Сонымен қатар зиянкестер, шыбындар немесе биттер де теміреткі қоздырғышын бұзауларға таратуы мүмкін.
Сиырлар мен бұзаулардағы теміреткі – ең алдымен мал ауруы. Дегенмен, малмен күнделікті байланыста болатын адамдар үшін де бұл ауруды жұқтыру қаупі бар. Әсіресе фермада тікелей малмен жұмыс істейтін қызметкерлерге абай болу керек.
Адамдарда саңырауқұлақ көбіне алдымен қол мен білек терісінде, сондай-ақ бет аймағында байқалады. Зақымданған жерлер көбінесе сақина тәрізді болып таралады. Қызарған ошақтар қатты қышиды. Егер оларды қаситын болса, инфекция дененің басқа жерлеріне де жайылуы мүмкін.
Ірі қара мал мен адамдардағы теміреткіні емдеу үшін ауру тудыратын қоздырғыштарды жоятын арнайы саңырауқұлаққа қарсы препараттар қолданылады. Оларды жақпамай түрінде сыртқа жағады және/немесе таблетка түрінде ұзақ уақыт бойы ішке қабылдайды.
Жұқтыру қаупін азайту және жалпы гигиена шаралары туралы толық ақпаратты KFM жобасының „Трихофитияның таралуына жол бермеу“ және „Трихофитияны емдеу“ атты жадынамаларынан табуға болады.
Уве Веддиге
Фото © KFM