16–17 шілде күндері Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі іс-шаралардың бірі – «Jana Dala Green Day 2026» халықаралық Дала күні өтіп жатыр.

Бұл іс-шара аграрлық саладағы заманауи технологияларды таныстыруға, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстарды нығайтуға арналған тиімді алаң. Екі күн бойы фермерлер, агробизнес өкілдері, ғалымдар мен салалық сарапшылар ауыл шаруашылығы техникасының соңғы үлгілерімен, инновациялық шешімдермен және озық агротехнологиялармен таныса алады. Қатысушылардың әртүрлі техника жұмысын дала жағдайында көріп, олардың тиімділігін салыстыруға мүмкіндігі бар.

«Jana Dala Green Day» дала күндері жыл сайын агроөнеркәсіп кешені өкілдерін бір алаңға жинап, жаңа технологияларды енгізу, тәжірибе бөлісу және серіктестік байланыстар орнату бағытында маңызды рөл атқарады. Мұндай кездесулер ғылым, өндіріс және бизнес арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтіп, еліміздің ауыл шаруашылығының өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Биылғы іс-шараның іскерлік бағдарламасы халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтті. Онда жер өңдеудің заманауи тәсілдері, органикалық егіншілік, тиімді мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы жануарларын күтіп-бағу және саланы цифрландыру мәселелері талқыланды.

Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы техникалары мен асыл тұқымды мал көрмелері, техникалардың далалық көрсетілімдері және тәжірибелік демонстрациялар ұйымдастырылды. Бұл «Jana Dala Green Day 2026» көрмесінің Қазақстанның аграрлық саласындағы ең ауқымды әрі маңызды кәсіби алаңдардың бірі екенін тағы бір мәрте айқындады.

Эккехард Шрёдер

Фото: KFM