Жемшөпті араластыру сапасы сүт өнімділігіне, азықтандыру тиімділігіне, мал денсаулығына және жалпы сүтті мал шаруашылығының табыстылығына тікелей әсер етеді. Құрылымы жағынан біркелкі дайындалған рацион месқарынның тұрақты жұмыс істеуінің негізгі шарттарының бірі болып саналады.

Елек арқылы талдау жүргізу — толық рационды азықтың (TMR) құрылымы мен біртектілігін сенімді бағалаудың маңызды тәсілі. Дұрыс араластырылмаған азықты сиырлар іріктеп жейді, соның салдарынан месқарындағы рН деңгейі өзгеріп, қоректік заттарды біркелкі қабылдамайды. Нәтижесінде сүттегі май мөлшері төмендеп, азық тұтыну азаяды немесе зат алмасу аурулары туындауы мүмкін.

Елекпен тексеру осындай кемшіліктерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Рационды бөлшектер ұзындығы бойынша саралау арқылы құрылымның, концентраттардың және ылғалдың дұрыс таралғанын, сондай-ақ араластыру процесінің сапалы жүргізілгенін көруге болады. Бұл әдіс жем үстелінің жанында тікелей бақылау жасауға мүмкіндік береді.

Біркелкі TMR пайдаланылған жағдайда әрбір сиыр әр азықтандыру кезінде энергияның, құрылымдық талшықтың және қоректік заттардың бірдей құрамын қабылдайды. Рацион құрылымындағы немесе араластыру сапасындағы болмашы ауытқулардың өзі елеулі қаржылық шығындарға әкелуі ықтимал.

Мысалы, бір сиырдың тәулігіне 1 кг құрғақ затты аз тұтынуы сүт өнімділігінің шамамен 1,2–1,5 литрге төмендеуіне себеп болады. Сонымен қатар азық компоненттерінің толық пайдаланылмауы, азықтандыру тиімділігінің төмендеуі және месқарын қызметінің бұзылуы қосымша шығындарға ұрындырады. Сондықтан електің көмегімен жүргізілетін талдау аз уақыт алғанымен, жемшөпті араластыру барысында жіберілетін және қымбатқа түсетін қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Азықтандыруды бақылау бойынша құнды кеңестерді KFM жобасының «Азықтандыруды бақылау,» «Құрғақ зат көрсеткішін анықтау» атты тегін жадынамаларынан және «Елекпен жұмыс істеу туралы» тексеру парағынан таба аласыздар.

Уве Веддиге

Фото © KFM: Құрылымды бақылау рацион туралы көп ақпарат береді, бірақ құрғақ затты өлшеу және химиялық талдаумен бірге ғана толық мәліметі алуға болады.