Соматикалық жасушалар саны — сүтті сиырлардың желін саулығының негізгі көрсеткіші. Қабыну үдерістері кезінде олардың мөлшері артып, сүтке өтеді. Егер көрсеткіш 100 000/мл-ден төмен болса, сиырдың желіні сау деп есептеледі. Ал 150 000/мл-ден асатын көрсеткіші бар сиырлардың табындағы үлесі 20%-дан аспауы тиіс. Лас бокстар, ыстық ауа, тұяқ аурулары немесе иерархиялық қақтығыстар сияқты стресс факторлары иммундық жүйеге салмақ түсіреді. Дегенмен, азықтандырудың соматикалық жасушалар санына әсері жиі ескерілмей жатады: сапасыз сүрлем олардың көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан сүрлем сапасын тұрақты бақылау табын денсаулығы үшін аса маңызды.

Төменде соматикалық жасушалар санын азайтуға және жануарларды ұстау жағдайларын жақсартуға көмектесетін қысқаша бақылау тізімі берілген:

  • Қорадағы ауаның сапасын тексеріңіздер (назар аударыңыздар: өтпе жел болмауы керек).
  • Жылу стрессінің алдын алуға тырысыңыздар (ауа айналымы, су бүрку арқылы салқындату).
  • Сиырлар жүретін жолдардың қауіпсіз болғанын қадағалаңыздар (тайғақ немесе тар жерлер болмасын), тұяқтардың саулығын бақылаңыздар.
  • Қорада мал тығыз орналастырылмауы тиіс.
  • Сауу техникасы мен сауу үдерісін жүйелі түрде тексеріп отыру керек.
  • Рацион құрамындағы азық сапасын бақылап, олардың жеткілікті мөлшерде бар болғанын қадағалаңыздар.

Сүрлем сапасы нашар болғаны көбінесе соматикалық жасушалар санының артуына себеп болады. Азық дайындау келесі жылға арналған тиімді рацион құрудың негізін қалайды. Дайындалған азық сапасы жануарлардың денсаулығына, сондай-ақ өндірілетін сүттің мөлшері мен сапасына тікелей әсер етеді. Алайда егін жиналғаннан кейін де сүрлем траншеяда немесе астауда қызып кетуі мүмкін. Әсіресе жаз мезгілінде бұл азықтың бұзылуына және дәмдік қасиеттерінің нашарлауына әкеледі. Мұндай сапасыз сүрлемді беру малдың азық тұтынуын төмендетеді. Нәтижесінде кетоз, ацидоз немесе гипокальциемия сияқты классикалық зат алмасу ауруларының даму қаупі артады.

Уве Веддиге

Фото© KFM: Азық компоненттерінің сапасы нашарламауы үшін сүрлемді қопсытпай түп-түзу етіп кесіп алыңыздар!