Өндірушілердің мәліметінше, Bovaer азықтық қоспасы сиырлардың климатқа әсерін төмендетуге мүмкіндік береді. Алайда Ұлыбритания, Дания және Норвегиядағы фермерлер мен тұтынушылар арасында бұл өнімге қатысты күмән сақталып отыр.
Зерттеулерге сәйкес, Bovaer қолданылған жағдайда оның қалдықтары сүтте де, етте де анықталмайды. Сонымен қатар месқарында түзілетін метан көлемі шамамен 30 пайызға азаяды. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін бір сиырдың күнделікті рационына ширек шай қасық қоспа жеткілікті деп көрсетіледі. Соған қарамастан, Норвегиядағы ең ірі сүт кооперативі Bovaer пайдаланылатын фермалардан сүт қабылдаудан бас тартатынын мәлімдеді.
Данияда да соңғы апталарда бұл қоспа сынға ұшырады. Оны қолдану сиырлардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін деген болжамдар айтылды. Соның салдарынан бірқатар даниялық сүт өндірушілер Bovaer-ден бас тартқан.
Еуропалық Одақта бұл жемшөп қоспасын пайдалануға үш жыл бұрын рұқсат берілгеніне қарамастан, әзірге оны сүт фермаларының аз бөлігі ғана қолданады. Бұған негізгі себептердің бірі — құны. Қоспаны пайдалану өндірілген сүттің әр литріне шамамен бір цент қосымша шығын әкеледі.
Норвегиялық сүт кооперативі парниктік газдар шығарындыларын азайту қажеттігін атап өтеді: «Bovaer — шығарындыларды қысқартудың бір құралы. Егер одан бас тартсақ, күш-жігерді басқа бағыттарға жұмылдырамыз: ірі азықтың сапасы мен қорытылуын арттыру, сұйық көңді пайдаланудың климатқа қауіпсіз тәсілдерін енгізу және сиырлардың денсаулығын жақсарту».
Зерттеушілер мен сүт саласының өкілдері Bovaer-дің қауіпсіздігі дәлелденгенін алға тартады. Дегенмен, сүт өндірісіне жаңа азықтық қоспаларды енгізу тұтынушылар тарапынан сенімсіздік тудыруы мүмкін. Өйткені сүт өнімі дәстүрлі түрде табиғилықпен, қауіпсіздікпен және сапамен байланыстырылып келеді, ал «азық-түлік қауіпсіздігі» ұғымы нақты деректермен қатар, тұтынушылардың эмоциялық қабылдауымен де астасып жатады.
Уве Веддиге
Фото: KFM