ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин «Қазақстанда сүт өндіруді тұрақты дамыту саласындағы кәсіпорындардың біліктілігін арттыру» (KFM) қазақстан-герман жобасының жетекшісі Уве Веддиге мырзамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда Арқабай ауылында «Байсерке-Агро» оқу және ғылыми-өндірістік орталығы (ОҒӨО) базасында шаруашылықтарға кеңес беру, сүт өндірушілерге арналған консалтингтік қызметтер орталығын дамыту барысын талқылады.

Жоба аясында шикізат өндірісінің барлық кезеңдерінде, әсіресе нарыққа бағытталған отбасылық фермаларға арналған кеңес беру қызметтері көрсетіледі. Уве Веддиге сүт-тауарлы фермаларға, соның ішінде отбасылық және өнеркәсіптік үлгідегі фермаларға арналған практикалық семинарлар мен тренингтер ұйымдастыруды ұсынды.

«Малға күтім жасау, оны күтіп-бағу және азықтандыру, жем-шөп дайындау және сақтау бойынша білім мен дағдыларды жетілдіру – мал өнімділігін арттыру және сапалы сүт өндіру үшін маңызды», – деп атап өтті кездесу барысында Аманғали Бердалин.

Кездесу қорытындысы бойынша 2025 жылы сүт өндірушілеріне арналған көптеген семинарлар өткізу туралы шешім қабылданды. Оқыту курстары ферма мамандарына арналатын болады, бұл өз кезегінде шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға оң әсер етеді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/929324?lang=kk

Фото: ҚР АШМ