2026 жылғы 23 қазанда «KazAgroFarm 2026″ көрмесі аясында » Қазақстанда сүт өндіру бойынша біліктілікті арттыру» Германия-Қазақстан ынтымақтастық жобасының қорытындысы бойынша қорытынды іс-шара өтті. Шараны KFM жобасының жетекшісінің орынбасары Айнагүл Аяғанова ханым жүргізді.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бисенбайұлы Бердалин және Германия Федеративтік Республикасының Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өңірлік бірегейлік федералдық министрлігінің (BMLEH) жоба үйлестірушісі Ребекка Риддер ханым құттықтау сөз сөйледі.

Вице-министр Бердалин мырза Қазақстандағы сүт секторын одан әрі дамыту ісінде KFM жобасының соңғы жеті жылдағы жетістіктерін ерекше атап өтті. KFM жобасы оқыту және біліктілікті арттыру жөніндегі іс-шараларды өткізу, сондай-ақ сүт фермаларына кеңес беру арқылы елдегі сүт өндірісін дамыту және жаңғырту жөніндегі Қазақстан Үкіметінің бағдарламасын іске асыруға ықпал етті. Ол KFM жобасының командасына үздік жұмысы үшін ерекше алғысын білдіріп, Қазақстандағы тәжірибесімен көп жылдар бойы бөліскен жобаның неміс жетекшісі Уве Веддиге Қазақстанның жоғары марапатын табыс етті. Сондай-ақ, ол KFM командасының басқа мүшелеріне министрліктің алғыс хаттарын табыс етті.

Ребекка Риддер ханым өзінің құттықтау сөзінде жобаның жұмысын жоғары бағалап, KFM ұжымына, сондай-ақ Қазақстандағы жоба серіктестеріне соңғы жылдардағы жемісті ынтымақтастық үшін алғыс айтты.

Содан кейін Уве Веддиге жобаның бірінші және екінші кезеңдеріндегі негізгі іс-шараларға және маңызды нәтижелерге шолу жасады. Ол жобаның қызмет салалары бойынша түрлі оқыту тәжірибелерін атап, көпжылдық ынтымақтастыққа оң баға берді. Ол жоба ұжымына, сондай-ақ жобаның көптеген серіктестері мен қолдаушыларына алғыс айтты.

Эккехард Шрёдер мырза жоба аясында әзірленген көптеген материалдар USB-ға жүктеліп қатысушыларға таратылатынын, сондай-ақ келесі 3 жыл ішінде KFM веб-сайтында қолжетімді болатынын атап өтті.

Одан кейін «КТ Мамбетов» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының директоры Ойрат Мамбетов пен «Полтавское» ауыл шаруашылығы кәсіпорнының директоры Ерлан Зикирин мырза пилоттық кәсіпорындар ретінде жобаға қатысу тәжірибесі туралы айтып берді. Көптеген мамандар мен олардың шаруашылық басшылары малды сауу мен күтіп-бағудың заманауи технологияларын қолданудың әртүрлі салаларында, мал генетикасында, табынды басқару мен азықтандыру саласында өз білімдерін айтарлықтай кеңейте алды. Біліктіліктіліктің артуы арқасында олардың шаруашылықтарының экономикалық тиімділігі де артты. Сондықтан шаруа қожалықтары енді сүтті мал басын көбейту арқылы одан әрі даму қадамдарын жасауды жоспарлап отыр. KFM жобасы оларға сүт өндірісін жоғары деңгейге көтеруге көп көмектесті.

Сонымен қатар, KFM жобасы аясында оқудан өткен үш мастер-тренер өз тәжірибелері туралы айтып берді. Қазақстан мен Германиядағы мақсатты оқытудың арқасында олар сүт фермаларындағы практикалық жұмыс пен күнделікті міндеттермен танысып, сүт шаруашылығы бойынша кеңесшілер мен шебер жаттықтырушылардың дағдыларын меңгерді. Бұл дағдылар оларға болашақта Қазақстандағы кәсіби қызметінде де пайдалы болады.

KFM жобасының институционалдық серіктестерінің өкілдері (ҰҒЗО, Асыл Тұлық және С. Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ) сүт секторында мамандар мен басқарушы кадрларды табысты және тәжірибеге бағдарланған даярлау жөніндегі жобаның жұмысын, сондай-ақ Қазақстандағы сүт секторын одан әрі дамытуға бағытталған неміс-қазақстандық тәжірибе алмасуды жоғары бағалады.

Жоба серіктестері қол жеткізілген нәтижелер қазақстандық сүт саласын одан әрі жаңғырту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды негіз болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, болашақта да табысты ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларында жаңа бірлескен бастамаларды әзірлеуге ниет білдірілді.

Іс-шара соңында ADT Project Consulting GmbH (Бонн, Германия) компаниясының басқарушы директоры Ив Тохермес мырза баяндамашылар мен KFM жобасының негізгі серіктестеріне сыйлықтар табыс етті.

Фото: KFM жобасы