30 04, 2026

Аграрлық білім беруді дамытуға жаңа серпін

2026-04-29T11:16:09+01:0030. апреля 2026|

KFM жобасы аясында 2026 жылғы 13-19 сәуір аралығында серіктестермен: Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен (ҰАҒБО), жаңадан құрылған Мал өсәрушілер одағымен қарқынды сараптамалық келіссөздер жүргізілді, сондай-ақ С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-да іс-шара өтті.

Қазақстанның сүт секторын одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу басты назарда болды. Халықаралық сарапшылармен бірлесіп ынтымақтастықтың болашақ нысандары, оқытудың заманауи тәсілдері және өнімділікті арттырудың инновациялық әдістері талқыланды. Азық-түлік қауіпсіздігі, ауылдық жерлерде жұмыспен қамту және шағын және орта бизнесті дамыту үшін бұл сектордың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Негізгі шаралардың бірі 16 сәуірде өткен халықаралық семинар болды, онда негізгі назар сүтті тұрақты өндірудің практикалық тәсілдеріне, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруға аударылды. Баяндамалар мен практикалық семинарлар барысында сүт өндіру, мал азықтандыру, ірі қара малды өсіру және экономикалық тиімділік сияқты бағыттар бойынша оқу бағдарламаларының мазмұны бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.

Халықаралық алмасу Қазақстандағы білім беру бағдарламалары мен ауыл шаруашылығы тәжірибесінің тұрақты дамуына құнды үлес қосады.

Хенрик Дельфс

Фото © ҚазАТЗУ/Сұнғат Жоламан

28 04, 2026

Соматикалық жасушалар көрсеткіші жоғары ма? Не істеу керек?

2026-04-28T06:36:52+01:0028. апреля 2026|

Соматикалық жасушалар саны — сүтті сиырлардың желін саулығының негізгі көрсеткіші. Қабыну үдерістері кезінде олардың мөлшері артып, сүтке өтеді. Егер көрсеткіш 100 000/мл-ден төмен болса, сиырдың желіні сау деп есептеледі. Ал 150 000/мл-ден асатын көрсеткіші бар сиырлардың табындағы үлесі 20%-дан аспауы тиіс. Лас бокстар, ыстық ауа, тұяқ аурулары немесе иерархиялық қақтығыстар сияқты стресс факторлары иммундық жүйеге салмақ түсіреді. Дегенмен, азықтандырудың соматикалық жасушалар санына әсері жиі ескерілмей жатады: сапасыз сүрлем олардың көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан сүрлем сапасын тұрақты бақылау табын денсаулығы үшін аса маңызды.

Төменде соматикалық жасушалар санын азайтуға және жануарларды ұстау жағдайларын жақсартуға көмектесетін қысқаша бақылау тізімі берілген:

  • Қорадағы ауаның сапасын тексеріңіздер (назар аударыңыздар: өтпе жел болмауы керек).
  • Жылу стрессінің алдын алуға тырысыңыздар (ауа айналымы, су бүрку арқылы салқындату).
  • Сиырлар жүретін жолдардың қауіпсіз болғанын қадағалаңыздар (тайғақ немесе тар жерлер болмасын), тұяқтардың саулығын бақылаңыздар.
  • Қорада мал тығыз орналастырылмауы тиіс.
  • Сауу техникасы мен сауу үдерісін жүйелі түрде тексеріп отыру керек.
  • Рацион құрамындағы азық сапасын бақылап, олардың жеткілікті мөлшерде бар болғанын қадағалаңыздар.

Сүрлем сапасы нашар болғаны көбінесе соматикалық жасушалар санының артуына себеп болады. Азық дайындау келесі жылға арналған тиімді рацион құрудың негізін қалайды. Дайындалған азық сапасы жануарлардың денсаулығына, сондай-ақ өндірілетін сүттің мөлшері мен сапасына тікелей әсер етеді. Алайда егін жиналғаннан кейін де сүрлем траншеяда немесе астауда қызып кетуі мүмкін. Әсіресе жаз мезгілінде бұл азықтың бұзылуына және дәмдік қасиеттерінің нашарлауына әкеледі. Мұндай сапасыз сүрлемді беру малдың азық тұтынуын төмендетеді. Нәтижесінде кетоз, ацидоз немесе гипокальциемия сияқты классикалық зат алмасу ауруларының даму қаупі артады.

Уве Веддиге

Фото© KFM: Азық компоненттерінің сапасы нашарламауы үшін сүрлемді қопсытпай түп-түзу етіп кесіп алыңыздар!

23 04, 2026

Жазғы ыстықта сиырларға су көбірек қажет

2026-04-23T06:54:17+01:0023. апреля 2026|

Шөлдің — нағыз қатты шөлдің- не екенін бәріміз білеміз! Сондықтан су сиырларыңыз үшін ең маңызды қоректік ресурс екенін түсінеміз.

Сауын сиыр тәулігіне 120–180 литр, кейде одан да көп су ішеді. Суға деген қажеттілік көбіне сүт өнімділігінің деңгейіне және қоршаған орта температурасына байланысты. Әсіресе жаз айларында сиырлар жылу стрессін жеңілдету үшін көбірек су ішеді. Сиырдың шөлдегені жемшөп тұтынуын төмендетіп, нәтижесінде сүт өнімділігіне және малдың жалпы денсаулығына кері әсер етеді.

Құрғақ заттың әр килограмына орта есеппен 5–6 литр су қажет. Сондықтан малды тек таза әрі сапалы сумен қамтамасыз ету өте маңызды. Сонымен қатар суаттарды күн сайын тазалап отыру керек. Сапасыз су желін ауруларының, төлдеу мәселелерінің және асқазан-ішек ауруларының пайда болуына себеп болуы мүмкін.

Су ішетін орын сиырлар үшін барынша жақын әрі ыңғайлы болуы тиіс. Сауылғаннан кейін сиырлар қатты шөлдейді — бұл тәуліктік су тұтыну мөлшерінің шамамен 30%-ын құрайды. Сауу залынан жемшөпке дейінгі жолда жеткілікті су ішетін құрылғылар болғаны дұрыс.

Науалар жеткілікті ме? Олардың орналасқан жері тар емес пе? Тәжірибе бойынша бір басқа шаққанда науа жиегінің ұзындығы кемінде 10–12 см болуы тиіс. Бұрын 7 см жеткілікті деп есептелген, алайда бұл көрсеткіш қазіргі талаптарға сай келмейді.

KFM жобасының «Малға берілетін судың сапасын қамтамасыз ету бойынша 10 кеңес» атты тегін жадынамасын оқыңыздар. KFM ұжымы мәселелеріңізді шешуге көмектесуге дайын.

Уве Веддиге

Фото © Weddige

21 04, 2026

Табын менедженті: бұзаулау аймағын оңтайландыру

2026-04-21T04:27:47+01:0021. апреля 2026|

Көп жағдайда бұзаулау аймақтары тар болып келеді. Бұл тек бақылауды қиындатып қоймай, сиырлардың гигиенасы мен жайлылығына да кері әсерін тигізеді.

Сиырлар төлдеу кезеңінде күйзеліске түспеуі тиіс. Сондықтан бұзаулауға бір апта қалғанда оларды топқа бөлуге болмайды. Бұзаулау орны тыныш аймақта орналасқаны дүрыс, бірақ сонымен бірге қызметкерлер оған оңай кіріп-шыға алатындай болуы керек.

Топтық қораларда әр сиырға кемінде 10 м², ал ең дұрысы 14 м² қарастырылуы тиіс. Жеке қораларда бір сиырға кем дегенде 16 м² қажет. Сиырлардың басқа жануарларды көріп тұруы өте маңызды. Әсіресе азықтандыру орны мен сабан төселген жату орны бар екі секциялы станоктар жақсы. Артқы жағындағы өткел жануарлардың еркін қозғалуына мүмкіндік береді.

Көптеген шаруашылықтар төлдеу цехында қалқа орнатады. Бұл сиырларға, басқа жануарларды көріп тұрып, оңашаланып тыныш жерде төлдеуіне мүмкіндік береді.

Төлдеу аймағын ұйымдастыру және жабдықтау жөніндегі толық ақпаратты KFM-нің «Төлдеу аймағы» атты тегін жадынамасынан алуға болады.

Уве Веддиге

Фото © KFM: Төлдеу аймағында сүтті шелекке сауып алатын сауын қондырғысын пайдаланса, әлсіреген сиырлар сауын залына барып қиналмайды

16 04, 2026

Бұзаулар өлімін азайтыңыздар!

2026-04-24T13:32:20+01:0016. апреля 2026|

Жас бұзаулар көбіне диареяға шалдығады, ал ересек малда респираторлық аурулар жиі кездеседі. Алайда қарапайым профилактикалық шаралар арқылы олардың иммундық жүйесін айтарлықтай нығайтуға болады.

Бұзаулардың сенімді иммундық қорғанысы жеткілікті мөлшерде берілген уыз арқылы қалыптасады. Өмірінің алғашқы төрт сағатында бұзау кемінде 4 литр сапалы уыз ішуі тиіс, ал ұсақтау бұзаулар үшін 3 литр де жеткілікті.

Көптеген шаруашылықтарда уыздың құрамындағы микроорганизмдер сиыр желінінен бастап бұзауға берілгенге дейін айтарлықтай көбейеді. Әсіресе желіннен сүт бидонына, одан ішкізу шелегіне дейінгі аралық микробтық ластануға өте бейім. Бұған жол бермеу үшін ыдыстарды мұқият жуып-тазалау, қатаң гигиеналық талаптарды сақтау және уызды дер кезінде салқындату қажет. Әсіресе шелектер мен бидондарда түзілетін биопленкадағы колиформды бактериялар диареяның негізгі себебі болуы мүмкін. Сонымен бірге бұзауға берілетін уыздың температурасы 39 °С шамасында болуы тиіс.

«Бұзаулардың шығынын 5%-дан да төмен деңгейге түсіруге болады», — дейді тәжірибелі ветеринар мамандар. Алайда бұған қол жеткізу үшін тиісті күтіп-бағу жағдайларын жасау және бұзауларды иммуноглобулиндермен жеткілікті қамтамасыз ету керек. Жұмысты тиімді ұйымдастыруда жазбаша нұсқаулықтардың маңызы зор. Ал қызметкерлерді жүйелі түрде оқытып тұру арқылы ғана тұрақты әрі жоғары нәтижеге жетуге болады.

KFM жобасының «Бұзауларға арналған шелектерді тазалау» және «Уызды дұрыс сақтау» жадынамаларынде бұзаулардың иммунитетін арттыру туралы мәлімет бар.

Уве Веддиге

Фото © KFM

14 04, 2026

Жылу стрессі: желдеткіштерді тазалау керек

2026-04-13T10:36:55+01:0014. апреля 2026|

Жаз мезгілі жақындап, күн сайын ауа температурасы жоғарылап келеді. Мұндай жағдайда жануарлар мен қора-жайларды тиімді желдету және салқындату өте маңызды.

Көптеген қораларда қыс мезгілінде пайдаланылмайтын, шаң мен ылғал жиналып, қатты ластанған желдеткіштер орнатылып тұр. Егер оларды жүйелі түрде тазаламаса, олардың өнімділігі 30%-ға дейін төмендеуі мүмкін, ал электр энергиясын тұтыну көлемі керісінше артады. Сонымен қатар, шаңның жиналуына байланысты қозғалтқыштар тезірек қызып кету қаупі бар, бұл олардың қызмет ету мерзімін қысқартады.

Қалақшалар мен қорғаныс торларын тазалаған кезде желдеткіштерді тоқтан ажыратып қою керек! Бұл құрғақ және дымқыл тазалаудың екеуіне де қатысты.

Қатты ластанбаған жағдайда және ай сайынғы техникалық қызмет көрсету аясында құрғақ тазалау жеткілікті — бұл әдіс жылдам әрі көп күш жұмсауды қажет етпейді. Ол үшін компрессормен бірге жұмсақ щетканы қолданған тиімді. Егер желдеткіш орташа деңгейде ластанған болса, жиналған қақты пластик қырғышпен абайлап алып тастап, кейін барлық бөлшектерді ылғалды шүберекпен сүрткен жөн. Желдеткіш қалақшаларын тазалауға жоғары қысымды тазартқышты қолданбаған дұрыс, себебі бұл теңгерімсіздікке әкелуі мүмкін, құрылғы бірқалыпты жұмыс істемей қалады және қозғалтқышқа су кіруі мүмкін.

Анығы: желдеткіштерді неғұрлым сирек тазаласаңыздар, соғұрлым оны тазартуға көп уақыт кетеді. Осы тақырыпқа байланысты  «Осьтік желдеткіштер» «Casablanca желдеткіштері» атты тегін жадынамаларды оқысаңыздар болады.

Уве Веддиге

Фото© KFM: Бұл желдеткішті тазалау уақыты келіп калғанына бір талай болды © KFM

9 04, 2026

Табын менеджменті: транзиттік аймақты жобалау

2026-04-09T12:39:52+01:009. апреля 2026|

Сүт өндірісі саласында жаңа қора салу немесе сиыр қорасын қайта салу алдында «ерекше қажеттіліктері» бар сиырларға арналған аймақтарды алдын ала мұқият жоспарлау қажет.

Әрбір сауын сиыр үшін суалту кезеңі – ол қалпына келу уақыты. Бұл «демалыс кезеңі» келесі лактациядағы өнімділікке тікелей әсер етеді. Сондықтан сиырлардың еркін жатып-демалуына, жем-шөпті жеткілікті мөлшерде тұтынуына жеткілікті әрі қолайлы орындар қарастырылып, сонымен қатар оңтайлы жарықтандыру мен қолайлы микроклимат қамтамасыз етілуі тиіс.

Жоспарлау кезінде назар аударатын сұрақтар:

  • Қанша орын қарастыру керек?
  • Бұзаулауға дейінгі және бұзаулағаннан кейінгі кезеңдерді қалай басқару қажет?
  • Транзит кезеңде сиырларды қалай күтіп-бағу керек?
  • Сиыр жатып-тұратын орынның өлшемдері қандай болуы тиіс?

Тиімді басқару үшін қора ішінде бейімделуі оңай болатын арнайы аймақтарды алдын ала жоспарлаған жөн. Әдетте транзиттік кезеңдегі табын келесі топтарға бөлінеді:

  • суалу кезеңінің бастапқы тобы (суалтқаннан бастап бұзаулауға үш апта қалғанға дейін);
  • дайындық тобы I (төлдеуге соңғы үш апта қалғанда);
  • дайындық тобы II (құнажындар, төлдер алдында соңғы үш апта);
  • бұзаулайтын топ;
  • жаңа бұзаулаған сиырлар;
  • ауру сиырлар.

Төлдер алдында және одан кейінгі бірнеше апта ішінде сиырларға көбірек демалу және жеткілікті азық тұтыну мүмкіндігі берілуі тиіс. Осы себепті бұл топтардағы малдарға арналған орын көлемі сауын сиырларға қарағанда өзгеше әрі кеңірек жоспарланады.

Транзиттік аймақты жобалау туралы қосымша ақпаратты KFM-ның «Орын қажеттілігін есептеу» атты тегін жадынамасынан табуға болады.

Уве Веддиге

Фото: Уве Веддиге

7 04, 2026

Бұзаулар: қалай темір тапшылығының алдын алуға болады?

2026-04-07T06:36:49+01:007. апреля 2026|

Темір қоспалары анемияның алдын алуға арналған. Бұл қажет пе және егер қажет болса, қандай мөлшерде?

Ересек сиырларда азықпен түсетін темір жеткілікті болады. Бұзауларда жағдай басқаша. Оларда темір қоры өте аз және оның мөлшері көбінесе жеткіліксіз болады. Тек қаймағы алынбаған сүт берілгенде темірдің аздаған қоры үш-төрт аптаға ғана жетеді.

Темірдің жетіспеушілігі анемияға, сондай-ақ патогендерге қарсы қорғаныстың нашарлауына әкеледі. Көбінесе бұзаулардың шыршы қабықтары бозарып, тәбеті қашып, селқос болады, тыныс алуы жиіленеді. Ұзаққа созылған ауыр анемия кезінде жануарлар жүдейді, апатияға ұшырайды, жүні үйпаланады.

Бұзаудың сүтпен азықтандыру кезеңіндегі қажеттілігі тәулігіне бір басқа 100 мг темірді құрайды. Қаймағы алынбаған сүтте 0,5 мг/л шамасында болады. Күнделікті мөлшері 6- 12 л-ге дейін берілетін сүттен бұзау тәулігіне 3-6 мг-нан артық алмайды. Жетіспейтін мөлшерін мүмкіндігінше ертерек пішен, мюсли немесе бұзауларға арналған TMR сияқты қатты азық беру арқылы толтыруға болады. Кейінірек сүт алмастырғыштар әдетте бұл қажеттілікті жабады.

Туылғаннан кейін қосымша темір енгізу үшін инъекция немесе ауыз арқылы берілетін сұйық дәрі-дәрмектерді, болюстарды, қаймағы алынбаған сүтке қосуға арналған қоспалар немесе сүт алмастырғыштарды қолдануға болады. Алайда, инъекция жасау әрқашан артық доза беру қаупімен байланысты. Тәжірибеде көбінесе пероральды/ауыз арқылы береіледі.

Сүтпен көріктену кезеңіндегі бұзауларды азықтандыру туралы толығырақ ақпаратты KFM жобасының «Бұзауларға арналған TMR/ толық рационды құрама жем дайындау» және «Бұзауларға арналған концентратты құрама жем» атты тегін жадынамаларынан таба аласыздар.

Уве Веддиге

Фото © KFM

Сүт алмастырғыштардың құрамында темір әдетте қажетті мөлшерде болады.

2 04, 2026

Қол ұшын беру тұзағы

2026-04-02T09:17:18+01:002. апреля 2026|

«Тездетіп істеп бересіз бе…» — бұл қазіргі еңбек әлеміндегі ең жиі өтініш. Бірақ бұл әріптестер өтінішінің астарында көбіне жымысқы жүйе жатады. Үнемі «иә» деп жауап беретін адамның көмегін пайдалануды  басқалар тез әдетке айналдырады.

Ауыл шаруашылығы — бұл жай ғана жұмыс орны емес. Барлығы табысқа жетудің негізін қалайтын «бірлікке» шақырады. Бірақ астарлы ынтымақтастық көбінесе көмектесуге дайын әріптестерді пайдалану болады. Көбінесе бәрі біреудің өтінішін орындау немесе демалыстағы әріптесінің орнына жұмыс жасаудан басталады. Бірақ бір сәтте сіз өзіңіздің жұмысыңызды ғана емес, әріптестеріңіздің жұмысын да орындайтыныңызды байқайсыз.

Бізге шекараны белгілеу неге соншалықты қиын? Мәселе заманауи командалық рухтың өзегінде жатыр. «Жоқ» деп айтуға «батылы барған» адамды командамен/ұжыммен бірігіп жұмыс істей алмайды деп айыптайды. Сізді пайдаланып отырған әріптестеріңіз „жайлы“ адам олардың жұмысын орындайтынына үйреніп кетеді. Олар адал және үйлесімділікке ұмтылатын адамдарды пайдаланады.

Шекара бұзылып, сізді пайдалану басталғанын қалай тануға болады?

Бір қызығы, басқаларға емес, үнемі тек өзіңізге сондай өтінішпен келеді. Сіз үнемі өзіңіздің негізгі қызметіңізге мүлдем қатысы жоқ міндеттерді орындап жүресіз. Сіздің негізгі міндеттеріңіз орындалмай қалады, өйткені сіз үнемі басқаларға көмектесесіз. Сіздің қосымша жұмысыңыз енді игілік ретінде қарастырылмайды, ал қалыпты болып саналады.

Мұндай динамиканың салдары қатерлі. Көптің жұмысын бір-екі адам істеп жүре береді деген ұстанымға негізделген команда тұрақсыз және тиімсіз. Ол инновация емес, ашу-ыза тудырады. Өзі мен басқалардың арасында шеқара қоя білу қажет және ол кәсібиліктің маңызды белгісі болып табылады. Әріптестер — шарттық қарым-қатынас шеңберіндегі серіктер ғана, сол шеңбердең аспайды.

Сондықтан, егер ынтымақтастық біржақтылыққа әкелетін болса, нақты «жоқ» дейтін кез келді. Өйткені,  «қызметке қызмет» екі жақты болуы керек.

Уве Веддиге

Фото © KFM: Көмектесуге дайын болу әрине жақсы, бірақ кейбір әріптестер мұны өз міндеттерін басқаларға жүктеп демалу үшін пайдаланады.

31 03, 2026

Жем-шөп араластырғышын үнемі тексеріп тұрыңыздар!

2026-03-29T07:09:26+01:0031. марта 2026|

Азық араластырғыштың гигиенасы дұрыс болмаған жағдайда, ең сапалы жем-шөптің өзі құндылығын жоғалтуы мүмкін. Сондықтан ұсынылатын араластыру уақытын сақтау, толып кетпеуін бақылау және техникалық қызмет көрсетуді жүйелі түрде жүргізу ғана емес, жабдықтың тазалығын да қадағалау маңызды.

Күнделікті пайдаланғандықтан техника ластанып тозып кетеді. Дәл осы себепті жем-шөп араластырғышты үнемі және мұқият тексеріп тұру қажет.

  • Пышақтары қаншалықты өткір? Өтпейтін пышақтар жанармай шығынының көбейтеді және шнектің тез тозуына әкеледі.
  • Таразы дұрыс және дәл өлшейді ме? Мұны тексеру үшін араластырғыштың шетіне, мысалы, салмағы 25 кг қапты қоюға болады, ауытқу 10% — дан аспауы керек.
  • Араластырғыш дұрыс толтырыла ма? Сапалы араластыру үшін жем шнек үстін толық жабуы тиіс. Шамадан тыс толтырмау керек, әйтпесе рацион компоненттері біркелкі болып араластырылмайды.
  • Магниттерді үнемі тазалап, металл зат арқылы жұмысқа жарамдылығын тексеріп отыру қажет аз болса, оны толтыру қажет. Сондай-ақ, майды уақытында ауыстыру қажет.
  • Шиналардағы қысым нормативке сай ма? Өндірушінің ұсынған көрсеткіштеріне жүгініңіз.

Сауу жабдықтары сияқты, жем-шөп араластырғыш күнделікті қолданылады. Сондықтан оны жүйелі түрде тазалап, тексеріп тұру қажет. Кемінде әр төрт аптада бір рет тазалап тұру керек. Сонымен қатар, КФМ жобасының «Жем араластырғышқа техниқалық қызмет көрсету» бақылау тізімі мен «Жем араластырғышты дұрыс толтыру» жадынамасын оқыңыздар.

Уве Веддиге

Фото © KFM: Шамадан тыс толтырcа қоспа дұрыс  арасытырылмайды!

Go to Top