About Uwe Weddige

This author has not yet filled in any details.
So far Uwe Weddige has created 881 blog entries.
28 08, 2025

Сауын роботында концентрат бермей саууға бола ма?

2025-08-28T05:52:28+01:0028. августа 2025|

«Слаг-фидинг» (азықты бір бергенде көп мөлшерде бірақ салу)  сауын роботында берілетін концентратты (түйіршіктерді) тұтыну кезінде месқарынның РН көрсеткішінің ауытқуын тудырады. Бұл сүттің майлылығын төмендетеді және месқарын ацидозына шалдығу қаупін арттырады. Сондықтан жоғары концентрацияланған азықты бермей ақ автоматтандырылған сауу мүмкін бе деген сұрақ туындайды.

ТМR месқарынның  қызметін жақсартатынын және сүт майының мөлшерін 0,2–0,4% — ға арттыратынын ұмытпаған жөн. Екінші жағынан, роботпен сауу барысында берілетін концентраттың қосымша мөлшері әсіресе өнімділігі жоғары табындар мен жаңа төлдеген сиырларға пайдалы. Сонымен қатар, сиырлардың еркін жүріп-тұруы роботпен сауу барысында концентрат берілмесе мүмкін емес екені анық.

Жаңа тәсілдер концентраттарды үнемдеуге, сүттің майлылығын жақсартуға және месқарынның қалыпты жұмысына жақсы ықпал етеді. Сонымен қатар, израильдік зерттеулер  сиырлардың ыстыққа төзімділігі артатынын көрсетеді.

Сиырлар еркін жүретін қораларда, генетикалық көрсеткіштері жоғары арнайы табындарда және азықтандыруға байланысты проблемалары бар фермаларда концентрат беруді жалғастыра беру керек. Концентратсыз азықтандыру жақсы нәтиже көрсетіп жатса ғана кеңесшілердің ұсыныстары осыған сәйкестендіріліп өзгертіледі.

Уве Веддиге

Фото: © Веддиге

26 08, 2025

Бұзаулардың қан сарысуын тексеру

2025-08-26T04:22:34+01:0026. августа 2025|

Көптеген жеке консультациялар барысында бұзаулар ағзасына уыз арқылы түсетін антиденелер қаншалықты жеткілікті болады деген сұрақ туындайды. Нақты жауабын қандағы ақуыз мөлшерін анықтағаннан кейін ғана беруге болады.

Әсіресе тұылғанында және тұылғаннан кейін бұзаулар өте жақсы гигиеналық жағдайда ұсталып, бірақ уыз сүтін аз ішсе, диарея қоздырғыштарына сезімтал  болуы мүмкін.

Туылғаннан кейінгі екінші және төртінші күндері арасында каротид / ұйқы артериясынан шамамен 3-5 мл қан алынады. Қан сарысуы тұнғаннан соң оның бір тамшысын рефрактометрге тамызады. Бұзауды жеткілікті мөлшерде иммуноглобулинмен қамтамасыз етіп, иммунитетін күшейту үшін қандағы жалпы ақуыздың мөлшері 58 г/л-ден жоғары болуы керек.

Егер көрсеткіш төмен болса, уыздың сапасы мен мөлшерін, сондай-ақ азықтандыру уақытын шұғыл түрде тексеру қажет.

Осындай тексеруді жылына кемінде бір рет 3-10 бұзаудан қан алып өткізіп отыру керек. Егер бұзауларда жиі диарея немесе тыныс алу проблемалары болса, оның себебі уызбен дұрыс азыктандырмау болуы мүмкін.

Уве Веддиге

Фото: © KFM

21 08, 2025

Пропион қышқылы қайта қызу процесін тоқтатын құрал ретінде

2025-08-21T06:23:55+01:0021. августа 2025|

Көптеген фермаларда қазір малға жылып кеткен азық беріліп жатқанын көріп жүрміз. Көбінесе сүрлем азық араластырғышқа жылып кеткен күйінде түседі. Қызып кетудің алдын алу үшін сүрлем кесіліп алынған соң сол жердің үстіне көбінесе пропион немесе құмырсқа қышқылын бүркіп жатады.

Тәжірибе көрсеткендей, бұл шара айтарлықтай нәтиже бере қоймайды. Өйткені қышқыл жеткілікті тереңдікке енбейді. Жалғыз тиімді шара – траншеядан сүрлемді жылдамырақ алып тұру. Көбінесе бұл үшін рационды өзгерту керек және соның өзгеруінен сүрлем тез желінуі керек.

Қосымша шара ретінде араластыру кезінде және оттықта қайта қызудың алдын алу қажет. Азықтың дәміне әсер етпейтін калий сорбатын немесе тиісті аралас өнімдерді қосу да жақсы нәтиже береді.

Неліктен сүрлем дұрыс дайындалса да, ол қайта қызиды? Оны қыздыратын — оттегінің әсерінен белсенді болатын ашытқы. Ол қалдық қант пен сүт қышқылымен қоректенеді, нәтижесінде азықтың РН көрсеткіші жоғарылайды және сүрлем сағат сайын тез бұзылады. Температура 10 °C жоғарылаған сайын құрғақ заттың  әр килограммынан шамамен 0,1 МДж NEL жоғалады. Сәйкес келмейтін техниканы қолдану, дұрыс нығыздалмағаны және траншеядан тиісті жылдамдықпен алынбағандығы, кесіп/бөліп алу барысында сүрлем бетін қопсыту оның қызуына ықпал етеді. Қыста аптасына 1,5 метрден  алу жеткілікті болса, жазда 3 м немесе одан да көп алу қажет.

Қорытынды:

  • Сүрлемді қопсытпай кесіп алу өте маңызды.
  • Қопсытылып шашылған сүрлемді күніне кемінде бір рет толығымен алып тастау керек.

Сондай-ақ, осы тақырып бойынша KFM жобасының «Сүрлемдеу процесіндегі қателіктер» атты тегін жаднаманы қараңыздар.

Уве Веддиге

Фото: Мұнда бәрі дұрыс: жақсы тығыздалған, алыну жылдамдығы оңтайлы, алынған жері қопсытылмаған, шашылған қалдықтар жоқ.

18 08, 2025

Сауын сиырлар: жазда шөлдей ме?

2025-08-18T06:51:58+01:0018. августа 2025|

Барлық сиырларға үнемі дәмді, физикалық және биологиялық тұрғыдан таза су берілмейді. Алайда, сиырлардың азық тұтынуы, зат алмасу процесі және сүт өнімділігі үшін жеткілікті мөлшерде таза су қажет. Сүт өнімділігі мен температураға қарай сүтті сиыр тәулігіне 200 литрге дейін су ішуі мүмкін, ал суалған сиырлар жазда 50 литрден астам су ішеді. Маңыздысы: сүтті сиырларға құрғақ заттың бір килограммына шаққанда 3-6 литр су қажет.

Бір ішкенде сиыр 30 секундта 9 литрден 12,5 литрге дейін су ішеді. Бұл минутына 18-25 литр су. Науаңа су толтыру жылдамдығы осы көрсеткішке негізделген: науаның ағызбасынан 10 литрлік шелек 30 секунд ішінде толуы керек.

Сиырларға су жеткілікті болу үшін, олардың саны тіпті 20 бастан аз болса да, екі науа қою керек. Бір құрылғыңыз бұзылып қалғанның өзінде де, барлық сиырларға су жетеді. Жалпы алғанда, 20 сиырға бір науа деп есептеу керек.

Ваннаға ұқсас науалар жануарларға ең қолайлысы. Төңкеріліп босатылатын науаларды зиянды биоүлдір мен азық қалдықтарынан тазалау оңай. Биоүлдір қалмайтындай барлық су құбырларын үнемі жуып тұру керек.

Әсіресе ыстық күндері науалардың жеткілікті саны болғаның қадағалау керек. Оларды күнделікті тазалап, жарамдылығын тексеру қажет. Қосымша ақпаратты KFM жобасының «Сиырларға берілетін судың сапасын қамтамасыз ету» атты жаднамасынан табуға болады

Уве Веддиге

Фото: Пластик науаларды тазалау қиын, тот баспайтын болаттан жасалған төңкерілетін науалар қолайлырақ, оларды тез және оңай босатуға болады. © KFM

16 07, 2025

Ақсақтық: автоматты түрде анықтау

2025-07-16T16:10:12+01:0016. июля 2025|

Ақсақтықты ертерек анықтау сүтті сиырлардың денсаулығын, өнімділігін сақтау үшін өте маңызды. Жақында жүргізілген зерттеуде Ливерпуль университеті нақты уақыт режимінде ірі қара малдың ақсақтығын анықтау үшін екі өлшемді камераны сынақтан өткізді. Машиналық оқыту еңгізілген толық автоматтандырылған процесс нақты уақыт режимінде қозғалғыштық/ширақтық дәрежесін болжауға мүмкіндік береді. Он бір коммерциялық кәсіпорында бұл техникалық әдіс ақсақтық пен аяқ жарақаты бар сиырларды бірінші рет білікті және тәжірибелі сарапшылар сияқты анықтай алды.

Ұзақ уақыт бойы күнделікті жиналатын қозғалғыштық деректерін пайдаланған кезде жүйенің дәлдігі айтарлықтай артты және сарапшылардың  көрсеткіштерінен асып түсті. Бұл озық технологиялық шешім ақсайтын сиырларды ерте анықтауға және сол арқылы сүтті мал табындарындағы ақсақтықты тиімді емдеуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: https://doi.org/10.3168/jds.2024-25940 Сипатталған әдіс кеңінен тарап, қол жетімді болғанша, KFM жобасы сүт өндірушілерге семинарлар, тренингтер өткізу және оқу материалдарын ұсыну арқылы ақсандап жүрген жануарларды анықтауға көмектеседі. Біздің «Тұяқ калькуляторы» және «Сиырлардың ақсақтығын анықтау» атты тегін тексеру парақтарымыз, сондай-ақ «Тұяқ күтімі» туралы жадынамамыз ерекше құнды көмекші құрал болып табылады.

Уве Веддиге

Фото: Табын сиырларының қозғалғыштығын бақылауға арналған техникалық қолдаудың барына қарамастан, жақсы дайындалған мамандар үшін тұяқ күтімі қолмен істейтін қиын жұмыс болып қала береді © KFM

10 07, 2025

Сау сиырларсыз тұрақты даму мүмкін емес

2025-07-10T05:34:18+01:0010. июля 2025|

Сау сиырлар — тұрақты сүт өндірудің кепілі. Қазақстанда немесе Германияда болсын, сүт өндірушілер мен сүт зауыттары тұрақты дамуға ұмтылуда. Бірақ бұған қалай қол жеткізуге болады? Сиырлардың сау, жағдайлары жақсы болуы маңызды. Сандық технологияның көмегімен көптеген фермерлер сиырлардың дене температурасын өлшейді және олардың қозғалыс белсенділігі, сондай-ақ күйіс қайыру мен азықтандыру уақыты туралы мәліметтер жинайды. Бұл мал өсірушілерге симптомдар пайда болғанға дейін денсаулыққа қатысты проблемаларды анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, олар сиырға бірден көмектесе алады және көбінесе дәрі-дәрмектер қолдану қажет болмайды.

Сонымен қатар, фермерлер сиыр сүт бере бастағанға дейін екі жыл бойы өсуі керек екенін біледі. Осы уақыт ішінде ол күнделікті жақсы азықтануы керек. Бұдан сау сиырлардың ұзақ өмір сүруі де тұрақтылыққа оң әсер етеді деген қорытынды жасауға болады.

Азық сапасы ең жоғары деңгейде болса ғана, жануарлар өздерін жақсы сезінеді. Сондықтан сүт өндірушілер негізгі азығын өндіруге және сақтауға саналы түрде көп күш жұмсайды. Сүт зауыттарымен бірге көптеген фермалар көміртегі ізін анықтайды және оңтайландырады. Осылайша, олар өз шаруашылықтарындағы парниктік газдар шығарындыларына қатысты жақсартуды қажет ететін әлсіз жерлерін анықтап тұрады.

Уве Веддиге

Фото: Физикалық күйі туралы нақты мәліметтер азықтандыруды жақсы жоспарлауға мүмкіндік береді, бұл сиырлардың қажетті май қорын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл сиырлардың сауымын, ұрықтылығын, денсаулығы мен ұзақ өмір сүруін арттыруға ықпал етеді. © KFM

8 07, 2025

KFM жобасының жаңа міндеттері

2025-07-08T07:29:38+01:008. июля 2025|

Қазақстандық сүт секторының даму динамикасына сәйкес KFM жобасы мамандардың құзыретттілігін арттыру және жануарлардың денсаулығын жақсартуды әрі қарай қолдайды.

Астана мен Берлиннің ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты, Республикалық сүт және аралас тұқымдар палатасының, «Асыл Тулік» орталығының және Қазақстан-Германия аграрлық-саяси диалогы (АПД) өкілдерінің қатысуымен өткен отырыста Уве Веддиге соңғы 18 айдың нәтижелері мен болашақ мақсаттары туралы айтып берді.

Қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қолдауымен жоба аясында 750 маман мен кеңесшілерге тренинг пен семинар өткізілді, ал 4 жас маман төрт айлық «мастер-тренерлерді» даярлау курсын сәтті аяқтады.

Жоба ұжымы өзінің www.kfm-kasachstan.net сайтында көптеген практикалық кеңестер мен 90-нан астам жадынама, 151 жаңалық жариялады. Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл және Алматы өңірлерінде 70-тен астам жеке консультациялар өткізілді. Алдағы айларда KFM ұжымы қазақстандық білім беру мекемелерімен бірлесіп сүт өндіру бойынша кеңесшілерді даярлау үшін арнайы және әдіснамалық білім беру бойынша ауқымды оқу бағдарламасын әзірлейді. Тренингтер мен семинарлардың мақсатты топтарына ферма мамандарына білім беретін, оларды үйрететін оқытушылар мен тренерлер қосылады. Бұған қоса, жоба ұжымы сүт өндірісінің маңызды салалары бойынша цифрлық оқу материалдарын әзірлеуді жалғастырады.

Барлық нәтижелер, табысқа жету оқиғалары, озық тәжірибелер және ұсыныстар симпозиумдарда таныстырылады деп жоспарлануда. Сүт өндіру және шаруашылықтарға маман даярлау бойынша консультациялық қызметті құру болашақта жоба жұмысының маңызды бағыты болып қала бермек.

Уве Веддиге

Фото: © KFM

5 07, 2025

Микотоксиндер: сиырларға ол у!

2025-07-05T07:22:04+01:005. июля 2025|

Қазақстанның көптеген фермаларында көгерген сүрлем кездеседі. Алайда, көбінесе шаруа қожалықтарының басшылары мұндай көгерген партиялардың зиян келтіруі мүмкін екенін мойындамайды.

Кейбір саңырауқұлақшалар өсімдіктерді далада, басқаларын тек қоймада зақымдайды. Сондықтан әртүрлі саңырауқұлақшалардың және олардың токсиндерінің (микотоксиндердің) пайда болуын ескеру керек. Саңырауқұлақшалардың кейбір түрлерінің зиянды заттары асқазанда ыдырайды, ал басқаларының белсенді затының улағыштығы тіпті артады. Кейбір улардың антибиотикалық әсерінен асқазандағы бактериялық флора бұзылады. Олар азық қабылдауды төмендетеді, ұрықтылық проблемаларын тудырады, иммунитетті әлсіретеді және бауырға, ішекке және бүйрекке зақым келтіреді.

Ең оңай жолы-Penicillium немесе Aspergillus сияқты сүрлем саңырауқұлақшаларының өсуін болдырмау. Құрғақ заттардың құрамына, ұсақтау ұзындығына, тығыздауға және ауа кірмейтіндей етіп жабуға қатысты белгілі сүрлемдеу ережелерін сақтау жеткілікті. Дегенмен, күзде ерте түскен аяздан зақымданған, көгерген шикізатқа ерекше назар аудару керек.

Саңырауқұлақшалар мен олардың токсиндері ашық сүрлемде таралмауы үшін, оны алу кезінде кесілген беті тегіс болуын қадағалау керек. Сүрлемді бөліп алу техникасын дұрыс қолданбау сүрлемді қопсытуға және нәтижесінде саңырауқұлақшалардың өсуіне әкелуі мүмкін. Кескіштер немесе кескіш шөміштер бұл жұмысты өте жақсы орындайды. Сонымен қатар, траншеяның ені мен сүрлемді алып отыру жылдамдығы күнделікті алынатын сүрлем көлеміне сәйкес болуы керек.

Егер ауру барысында микотоксиндердің әсеріне күдік болса немесе жануарлардың ветеринарлық емге реакциясы болмаса, адсорбент/ микотоксинді байланыстырғыш заттектерді қолдануға болады. Бұл жағдайда симптомдардың жойылғанын мұқият тексеру қажет. Дегенмен, нәтижеге жету үшін ұзақ уақыт қажет болуы мүмкін.

Уве Веддиге

Фото: Осылай қопсытып алу сүрлемді қайта қыздырып қана қоймайды, сонымен қатар саңырауқұлақшалар мен микотоксиндердің көбею қаупін тудырады © KFM

1 07, 2025

Қабынуды жылдам анықтау

2025-07-01T06:56:11+01:001. июля 2025|

Сауын сиырларда субклиникалық немесе созылмалы қабыну болуы мүмкін, оның белгілері бірден айқын бола бермейді. Алайда, бұл көбінесе жануарлардың денсаулығы мен әл-ауқатына теріс әсер етеді. Диагностикаға арналған қарапайым тест қабынуды ерте анықтауға көмектеседі және осылайша сиырлардың сүт сауымы мен репродуктивтік қабілетін сақталуын қамтамасыз етеді.

Корнелл университетінің үш зерттеушісі қандағы белгілі бір қабыну маркерлерінің концентрациясын өлшеуге мүмкіндік беретін тест жасап шығарды. Жаңа зертханалық әдіс қабыну кезінде көп мөлшерде пайда болатын ақуыздарды ғана емес, сонымен қатар иммундық жасушалардың қабыну ошақтарына қарай қозғалысын реттейтін химокиндерді де анықтайды. Осылайша, болашақта мастит және метрит сияқты субклиникалық қабынуды ерте кезеңде емдеуге болады.

Бұл жаңа сынақтың дамуы сүтті сиырларға арналған профилактикалық медицинада айтарлықтай прогресс болып табылады. Ерте диагноз қою арқылы мал өсірушілер аурудың алдын алады, жануарлардың денсаулығын жақсартады және сүт өндірісінің тиімділігі мен тұрақтылығын арттырады.

Дереккөз: https://news.cornell.edu/stories/2025/05/new-inflammation-test-may-keep-cows-healthy-farms-productive

Уве Веддиге

Фото: © KFM

26 06, 2025

Негізгі азық көбірек — концентраттар аз

2025-06-26T08:41:02+01:0026. июня 2025|

Негізгі азықтың жоғары өнімділігі экономикалық тұрғыдан тиімді, ал жоғары сапалы азықты сатып алу жоғары шығын талап етеді. Біздің бағалауымыз бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде негізгі азықтың өнімділігі 4.000 кг-нан астам болуы мүмкін.

  • Өнімділігі жоғары негізгі азық тұтынатын сиырдың сүт өнімділігі жоғары болады.
  • Негізгі азық өнімділігі 5000 кг-нан асатын ECM бар шаруашылықтар бір кг сүтке тек 247 г концентрат қажет етеді, ал өнімділігі төмен шаруашылықтарға 388 г концентрат қажет.
  • Негізгі азықты көп тұтыну месқарынның қалыпты жұмысын, демек сиырлардың саулығын қамтамасыз етеді.

Негізгі жемнің жоғары өнімділігіне жетуге байланысты кеңестер:

  1. Барлық оңай қорытылатын сүрлемдер үшін шабу мерзімі ғана емес, сонымен қатар құрғақ заттың мөлшеріне сәйкес келетін ұсақтау/тұрау ұзындығын реттеу маңызды.
  2. Сүрлем қоспалары азықтың сапасын жақсартпайды, бірақ ашыту процесіне оң әсер етеді және сүрлемнің тұрақтылығына ықпал етеді.
  3. Жануарларға жылы немесе көгерген сүрлем бермеңіздер! Мұндай азық партияларын тезек үйіндісіне тастау керек!
  4. Сиырлар күніне кемінде 22 сағат азықтана алуы керек. Сондықтан әр екі сағат сайын азықты итермелеп тұру қажет.
  5. Азықты теріп жеудің алдын алу керек, әйтпесе месқарындағы ферментация бұзылыстары мен месқарын ацидозы болуы қаупі артады.
  6. Азық араластырғыш пен астаудағы жем қалдықтарын үнемі алып тастау керек. Сондай-ақ, азық араластырғыштың пышақтарының тозғандығын үнемі тексеріп отыру керек.
  7. Сумен жеткілікті қамтамасыз ету үшін ұзындығы әр жануарға шаққанда кемінде 10 см -дан келетін ақаусыз төңкеріліп босатылатын науа болуы қажет.

Қосымша кеңестер алу үшін KFM жобасының «Сауын сиырлардың азық тұтынуын арттыру бойынша 10 кеңес» атты жаднаманы қараңыздар.

Уве Веддиге

Фото: Азықты үнемі итермелем тұрса, сиырлар негізгі азықты көбірек тұтынады және сол арқылы қоректік заттармен жеткілікті қамтамасыз етіледі. © KFM

Go to Top