Резеңке қолғап кигеннен тері зақымдана ма?
Сауу тренингтері барысында фермерлер бір реттік қолғаптарды қолдану кезінде пайда болатын тері проблемалары туралы жиі шағымданады. Ең көп кездесетін мәселелерге құрғақ және жарылған тері, қышу, сондай-ақ кутикулалардың жарылуы жатады. Бұл жағдай көбіне қолғаптың астында ылғал жиналып, соның салдарынан терінің қызарып, құрғап, тітіркенуінен туындайды.
Егер қолғаптың іші дымқылданып кетсе, оны уақытында ауыстырып отыру қажет. Теріге зақым келтірмеу үшін мамандар бір реттік қолғаптың астынан жұқа матадан жасалған қолғап киюді ұсынады. Сонымен қатар, қолғаптың дұрыс өлшемін таңдау да өте маңызды.
Біз теріге арнайы күтім жасауды ұсынамыз. Қолды жиі жуу, дезинфекциялау және қолғап кию терінің табиғи қорғаныш қабатын әлсіретіп, кері әсерін тигізуі мүмкін. Алайда бір реттік қолғаптың астына қорғаныш немесе күтім құралдарын жағу терлеудің күшеюіне және терінің ісінуіне әкелуі ықтимал.
Күтім құралдарының құрамында несепнәр (мочевина) немесе глицерин сияқты ылғалды сақтайтын заттар болуы тиіс, сондай-ақ мүмкіндігінше хош иіссіз болғаны жөн. Күнделікті жұмыс барысында тез сіңетін кремдерді қолдану ұсынылады, ал үй жағдайында теріні күту үшін құрамында майы бар, қоректендіретін құралдарды пайдаланған дұрыс.
Кремді жағу кезінде саусақтардың ұштарына, тырнақ айналасына және саусақтардың араларына ерекше назар аудару қажет.
Уве Веддиге
Фото © KFM









