About Uwe Weddige

This author has not yet filled in any details.
So far Uwe Weddige has created 1010 blog entries.
14 05, 2026

EuroTier 2026

2026-05-12T05:57:00+01:0014. мая 2026|

Негізгі тақырып: Тиімді, тұрақты және жануарларға қолайлы мал шаруашылығына арналған интеллектуалды технологиялар

2026 жылғы 10–13 қараша аралығында Ганновер қаласында өтетін кәсіби мал шаруашылығы мен мал шаруашылығын басқаруға арналған әлемдік жетекші көрмеде сіз ақылды шешімдердің саланың болашағын қалай қалыптастырып жатқанын тәжірибелік, жаһандық және болашаққа бағытталған тұрғыда көре аласыз. Сала көшбасшыларымен кездесіп, озық технологиялар мен инновациялармен танысып, маңызды іскерлік байланыстар орнатыңыз.

EuroTier 2026 көрмесі бұл мүмкіндіктердің қалай жүзеге асатынын айқын көрсетеді: табысты мал шаруашылығының негізі — роботтандыру, сенсорлық технологиялар, жасанды интеллект және үлкен деректер арқылы жетілдірілген әрі біріктірілген цифрлық платформалар мен автоматтандырылған жүйелер. Олар қора-жай жабдықтары, азықтандыру, сауу, жем дайындау, көң шығару және логистика процестерін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Осы технологияларды кешенді жүйелерге интеллектуалды түрде біріктіру мал шаруашылығындағы процестерді дәл әрі оңтайлы басқарудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Нәтижесінде өндірістік процестердің сапасы артып, жануарлардың өнімділігі жақсарады, жем-шөп, энергия және еңбек шығындары қысқарады, сондай-ақ зиянды шығарындылар азаяды. Бұл өз кезегінде жануарлардың әл-ауқаты мен денсаулығын жақсартуға ықпал етеді.

DLG
Фото © DLG ұсынған

12 05, 2026

Азықтандыру: TMR-ді тұрақты бақылап отырыңыздар

2026-05-12T04:38:40+01:0012. мая 2026|

Жемшөпті араластыру сапасы сүт өнімділігіне, азықтандыру тиімділігіне, мал денсаулығына және жалпы сүтті мал шаруашылығының табыстылығына тікелей әсер етеді. Құрылымы жағынан біркелкі дайындалған рацион месқарынның тұрақты жұмыс істеуінің негізгі шарттарының бірі болып саналады.

Елек арқылы талдау жүргізу — толық рационды азықтың (TMR) құрылымы мен біртектілігін сенімді бағалаудың маңызды тәсілі. Дұрыс араластырылмаған азықты сиырлар іріктеп жейді, соның салдарынан месқарындағы рН деңгейі өзгеріп, қоректік заттарды біркелкі қабылдамайды. Нәтижесінде сүттегі май мөлшері төмендеп, азық тұтыну азаяды немесе зат алмасу аурулары туындауы мүмкін.

Елекпен тексеру осындай кемшіліктерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Рационды бөлшектер ұзындығы бойынша саралау арқылы құрылымның, концентраттардың және ылғалдың дұрыс таралғанын, сондай-ақ араластыру процесінің сапалы жүргізілгенін көруге болады. Бұл әдіс жем үстелінің жанында тікелей бақылау жасауға мүмкіндік береді.

Біркелкі TMR пайдаланылған жағдайда әрбір сиыр әр азықтандыру кезінде энергияның, құрылымдық талшықтың және қоректік заттардың бірдей құрамын қабылдайды. Рацион құрылымындағы немесе араластыру сапасындағы болмашы ауытқулардың өзі елеулі қаржылық шығындарға әкелуі ықтимал.

Мысалы, бір сиырдың тәулігіне 1 кг құрғақ затты аз тұтынуы сүт өнімділігінің шамамен 1,2–1,5 литрге төмендеуіне себеп болады. Сонымен қатар азық компоненттерінің толық пайдаланылмауы, азықтандыру тиімділігінің төмендеуі және месқарын қызметінің бұзылуы қосымша шығындарға ұрындырады. Сондықтан електің көмегімен жүргізілетін талдау аз уақыт алғанымен, жемшөпті араластыру барысында жіберілетін және қымбатқа түсетін қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Азықтандыруды бақылау бойынша құнды кеңестерді KFM жобасының «Азықтандыруды бақылау,» «Құрғақ зат көрсеткішін анықтау» атты тегін жадынамаларынан және «Елекпен жұмыс істеу туралы» тексеру парағынан таба аласыздар.

Уве Веддиге

Фото © KFM: Құрылымды бақылау рацион туралы көп ақпарат береді, бірақ құрғақ затты өлшеу және химиялық талдаумен бірге ғана толық мәліметі алуға болады.

8 05, 2026

Бұзаулар: сүт алмастырғыштарды мұқият таңдаңыздар

2026-05-08T10:27:20+01:008. мая 2026|

Сүт алмастырғыштардың ассортименті өте кең және әртүрлі. Таңдап алу үшін қандай критерийлер маңызды?

Сүт алмастырғыштар қаймағы алынбаған сүттің компоненттерін алмастыруға арналған. Өмірінің алғашқы апталарында бұзаулардың қорекке деген талабы ерекше жоғары, өйткені олардың ас қорыту жүйесі әлі даму барысында болады. Жеткіліксіз азықтануды және азықтанудан туындайтын диареяны болдырмау үшін сүт алмастырғыштың сапасы өте маңызды.

Қаптардағы жапсырмаларда ингредиенттер мен құрамы туралы ақпарат бар: жоғары сапалы сүт алмастырғыштардың 1 кг-да кемінде 22-24% шикі ақуыз, 17-18% шикі май және 100 мг темір болады. Шикі жасұнық мөлшерінің жоғарғы шегі 0,1%-дан, шикі күл 9%-дан аспайды.

Шикі жасұнық мөлшерінің, % жоғары болуы ақуыздың өсімдік көздерінің бар екендігін көрсетеді. Көп жағдайда жас бұзауларға соя компоненттерін сіңіруі қиын түседі. Құрамында 50%-дан астам өсімдік ақуызы бар сүт алмастырғыштардың сүт ақуызы жоғары алмастырғышпен салыстырғанда беретін тәуліктік өсімі азырақ болады.

Құрамында кем дегенде 50% майсыздандырылған сүті бар сүт алмастырғышы өмірінің алғашқы төрт аптасына өте қолайлы, өйткені бұзаулар оны жақсы сіңіре алады. Өмірдің алғашқы алты аптасында сүт ақуызы іс жүзінде таптырмайтын ақуыз көзі болып табылады.

Сүт алмастырғыштармен азықтандыру бойынша қосымша ұсыныстарды KFM жобасының «Сүт алмастырғыштарды мөлшерлеу» және «Бұзауларды азықтандыру кестелері» атты тегін жадынамаларынан таба аласыздар.

Фото © KFM: Сүт алмастырғыштарды таңдағанда олардың құрамы мен ингредиенттерін мұқият зерттеу қажет. Әсіресе өмірінің алғашқы алты аптасында сүт ақуызы ағза үшін протеиннің маңызды әрі сапалы көзі болып табылады.

 

5 05, 2026

Қызметкерлерді ынталандыру және өндіріс тиімділігі

2026-05-05T13:40:05+01:005. мая 2026|

Жануарлармен жұмыс жоғары жауапкершілікті талап етеді, сондықтан бұл салада ынталы қызметкерлердің маңызы ерекше. Ынталы ұжым жұмыс істейтін қораларда сиырлар да сау болады, өндірістік көрсеткіштер де тұрақты болады. Мұндай қызметкерлер тек өз міндетін орындап қана қоймай, туындаған қиындықтарды еңсеруге де дайын тұрады.

Ұжымды қалай ынталандыруға болады? Ынталы және ынтасыз қызметкерлердің айырмашылығы неде? Мәселе тек жігерлендіретін сөздерде, түрлі-түсті плакаттарда немесе қаржылай сыйақыда емес. Негізгі түйін — адамның миына күн сайын қажет болатын базалық қажеттіліктерді қамтамасыз етуде: жағдайды өзінің бақылауында ұстау сезімі, қауіпсіздік, ұжымға қатыстығы, ықпал ету мүмкіндігі және тұрақтылық. Осы қажеттіліктер қанағаттандырылғанда, адам өзін бағалы сезінеді, нәтижеге жетуге деген ішкі талпынысы күшейеді. Мұндай ұжым жұмысқа жай ғана келіп-кетпей, бар әлеуетін іске қосады.

Қызметкерлерді дұрыс ынталандыра алатын менеджер олардың өнімділігіне де, жұмысқа адалдығына да сенім арта алады. Ал бұл сүт фермаларында адамдар үшін де, жануарлар үшін де оң нәтиже береді.

Сізге нақты идеялар мен ұсыныстар қажет пе? Оларды KFM-нің «Қызметкерлерді ынталандыру» атты тегін тексеру парағынан таба аласыздар.

Уве Веддиге

Фото © KFM: Бірлесіп қатысатын тренингтер қызметкерлердің негізгі қажеттіліктерін қанағаттандырып, олардың мотивациясын арттыруға ықпал етеді.

30 04, 2026

Аграрлық білім беруді дамытуға жаңа серпін

2026-04-29T11:16:09+01:0030. апреля 2026|

KFM жобасы аясында 2026 жылғы 13-19 сәуір аралығында серіктестермен: Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен (ҰАҒБО), жаңадан құрылған Мал өсәрушілер одағымен қарқынды сараптамалық келіссөздер жүргізілді, сондай-ақ С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ-да іс-шара өтті.

Қазақстанның сүт секторын одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу басты назарда болды. Халықаралық сарапшылармен бірлесіп ынтымақтастықтың болашақ нысандары, оқытудың заманауи тәсілдері және өнімділікті арттырудың инновациялық әдістері талқыланды. Азық-түлік қауіпсіздігі, ауылдық жерлерде жұмыспен қамту және шағын және орта бизнесті дамыту үшін бұл сектордың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Негізгі шаралардың бірі 16 сәуірде өткен халықаралық семинар болды, онда негізгі назар сүтті тұрақты өндірудің практикалық тәсілдеріне, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруға аударылды. Баяндамалар мен практикалық семинарлар барысында сүт өндіру, мал азықтандыру, ірі қара малды өсіру және экономикалық тиімділік сияқты бағыттар бойынша оқу бағдарламаларының мазмұны бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.

Халықаралық алмасу Қазақстандағы білім беру бағдарламалары мен ауыл шаруашылығы тәжірибесінің тұрақты дамуына құнды үлес қосады.

Хенрик Дельфс

Фото © ҚазАТЗУ/Сұнғат Жоламан

28 04, 2026

Соматикалық жасушалар көрсеткіші жоғары ма? Не істеу керек?

2026-04-28T06:36:52+01:0028. апреля 2026|

Соматикалық жасушалар саны — сүтті сиырлардың желін саулығының негізгі көрсеткіші. Қабыну үдерістері кезінде олардың мөлшері артып, сүтке өтеді. Егер көрсеткіш 100 000/мл-ден төмен болса, сиырдың желіні сау деп есептеледі. Ал 150 000/мл-ден асатын көрсеткіші бар сиырлардың табындағы үлесі 20%-дан аспауы тиіс. Лас бокстар, ыстық ауа, тұяқ аурулары немесе иерархиялық қақтығыстар сияқты стресс факторлары иммундық жүйеге салмақ түсіреді. Дегенмен, азықтандырудың соматикалық жасушалар санына әсері жиі ескерілмей жатады: сапасыз сүрлем олардың көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан сүрлем сапасын тұрақты бақылау табын денсаулығы үшін аса маңызды.

Төменде соматикалық жасушалар санын азайтуға және жануарларды ұстау жағдайларын жақсартуға көмектесетін қысқаша бақылау тізімі берілген:

  • Қорадағы ауаның сапасын тексеріңіздер (назар аударыңыздар: өтпе жел болмауы керек).
  • Жылу стрессінің алдын алуға тырысыңыздар (ауа айналымы, су бүрку арқылы салқындату).
  • Сиырлар жүретін жолдардың қауіпсіз болғанын қадағалаңыздар (тайғақ немесе тар жерлер болмасын), тұяқтардың саулығын бақылаңыздар.
  • Қорада мал тығыз орналастырылмауы тиіс.
  • Сауу техникасы мен сауу үдерісін жүйелі түрде тексеріп отыру керек.
  • Рацион құрамындағы азық сапасын бақылап, олардың жеткілікті мөлшерде бар болғанын қадағалаңыздар.

Сүрлем сапасы нашар болғаны көбінесе соматикалық жасушалар санының артуына себеп болады. Азық дайындау келесі жылға арналған тиімді рацион құрудың негізін қалайды. Дайындалған азық сапасы жануарлардың денсаулығына, сондай-ақ өндірілетін сүттің мөлшері мен сапасына тікелей әсер етеді. Алайда егін жиналғаннан кейін де сүрлем траншеяда немесе астауда қызып кетуі мүмкін. Әсіресе жаз мезгілінде бұл азықтың бұзылуына және дәмдік қасиеттерінің нашарлауына әкеледі. Мұндай сапасыз сүрлемді беру малдың азық тұтынуын төмендетеді. Нәтижесінде кетоз, ацидоз немесе гипокальциемия сияқты классикалық зат алмасу ауруларының даму қаупі артады.

Уве Веддиге

Фото© KFM: Азық компоненттерінің сапасы нашарламауы үшін сүрлемді қопсытпай түп-түзу етіп кесіп алыңыздар!

23 04, 2026

Жазғы ыстықта сиырларға су көбірек қажет

2026-04-23T06:54:17+01:0023. апреля 2026|

Шөлдің — нағыз қатты шөлдің- не екенін бәріміз білеміз! Сондықтан су сиырларыңыз үшін ең маңызды қоректік ресурс екенін түсінеміз.

Сауын сиыр тәулігіне 120–180 литр, кейде одан да көп су ішеді. Суға деген қажеттілік көбіне сүт өнімділігінің деңгейіне және қоршаған орта температурасына байланысты. Әсіресе жаз айларында сиырлар жылу стрессін жеңілдету үшін көбірек су ішеді. Сиырдың шөлдегені жемшөп тұтынуын төмендетіп, нәтижесінде сүт өнімділігіне және малдың жалпы денсаулығына кері әсер етеді.

Құрғақ заттың әр килограмына орта есеппен 5–6 литр су қажет. Сондықтан малды тек таза әрі сапалы сумен қамтамасыз ету өте маңызды. Сонымен қатар суаттарды күн сайын тазалап отыру керек. Сапасыз су желін ауруларының, төлдеу мәселелерінің және асқазан-ішек ауруларының пайда болуына себеп болуы мүмкін.

Су ішетін орын сиырлар үшін барынша жақын әрі ыңғайлы болуы тиіс. Сауылғаннан кейін сиырлар қатты шөлдейді — бұл тәуліктік су тұтыну мөлшерінің шамамен 30%-ын құрайды. Сауу залынан жемшөпке дейінгі жолда жеткілікті су ішетін құрылғылар болғаны дұрыс.

Науалар жеткілікті ме? Олардың орналасқан жері тар емес пе? Тәжірибе бойынша бір басқа шаққанда науа жиегінің ұзындығы кемінде 10–12 см болуы тиіс. Бұрын 7 см жеткілікті деп есептелген, алайда бұл көрсеткіш қазіргі талаптарға сай келмейді.

KFM жобасының «Малға берілетін судың сапасын қамтамасыз ету бойынша 10 кеңес» атты тегін жадынамасын оқыңыздар. KFM ұжымы мәселелеріңізді шешуге көмектесуге дайын.

Уве Веддиге

Фото © Weddige

21 04, 2026

Табын менедженті: бұзаулау аймағын оңтайландыру

2026-04-21T04:27:47+01:0021. апреля 2026|

Көп жағдайда бұзаулау аймақтары тар болып келеді. Бұл тек бақылауды қиындатып қоймай, сиырлардың гигиенасы мен жайлылығына да кері әсерін тигізеді.

Сиырлар төлдеу кезеңінде күйзеліске түспеуі тиіс. Сондықтан бұзаулауға бір апта қалғанда оларды топқа бөлуге болмайды. Бұзаулау орны тыныш аймақта орналасқаны дүрыс, бірақ сонымен бірге қызметкерлер оған оңай кіріп-шыға алатындай болуы керек.

Топтық қораларда әр сиырға кемінде 10 м², ал ең дұрысы 14 м² қарастырылуы тиіс. Жеке қораларда бір сиырға кем дегенде 16 м² қажет. Сиырлардың басқа жануарларды көріп тұруы өте маңызды. Әсіресе азықтандыру орны мен сабан төселген жату орны бар екі секциялы станоктар жақсы. Артқы жағындағы өткел жануарлардың еркін қозғалуына мүмкіндік береді.

Көптеген шаруашылықтар төлдеу цехында қалқа орнатады. Бұл сиырларға, басқа жануарларды көріп тұрып, оңашаланып тыныш жерде төлдеуіне мүмкіндік береді.

Төлдеу аймағын ұйымдастыру және жабдықтау жөніндегі толық ақпаратты KFM-нің «Төлдеу аймағы» атты тегін жадынамасынан алуға болады.

Уве Веддиге

Фото © KFM: Төлдеу аймағында сүтті шелекке сауып алатын сауын қондырғысын пайдаланса, әлсіреген сиырлар сауын залына барып қиналмайды

16 04, 2026

Бұзаулар өлімін азайтыңыздар!

2026-04-24T13:32:20+01:0016. апреля 2026|

Жас бұзаулар көбіне диареяға шалдығады, ал ересек малда респираторлық аурулар жиі кездеседі. Алайда қарапайым профилактикалық шаралар арқылы олардың иммундық жүйесін айтарлықтай нығайтуға болады.

Бұзаулардың сенімді иммундық қорғанысы жеткілікті мөлшерде берілген уыз арқылы қалыптасады. Өмірінің алғашқы төрт сағатында бұзау кемінде 4 литр сапалы уыз ішуі тиіс, ал ұсақтау бұзаулар үшін 3 литр де жеткілікті.

Көптеген шаруашылықтарда уыздың құрамындағы микроорганизмдер сиыр желінінен бастап бұзауға берілгенге дейін айтарлықтай көбейеді. Әсіресе желіннен сүт бидонына, одан ішкізу шелегіне дейінгі аралық микробтық ластануға өте бейім. Бұған жол бермеу үшін ыдыстарды мұқият жуып-тазалау, қатаң гигиеналық талаптарды сақтау және уызды дер кезінде салқындату қажет. Әсіресе шелектер мен бидондарда түзілетін биопленкадағы колиформды бактериялар диареяның негізгі себебі болуы мүмкін. Сонымен бірге бұзауға берілетін уыздың температурасы 39 °С шамасында болуы тиіс.

«Бұзаулардың шығынын 5%-дан да төмен деңгейге түсіруге болады», — дейді тәжірибелі ветеринар мамандар. Алайда бұған қол жеткізу үшін тиісті күтіп-бағу жағдайларын жасау және бұзауларды иммуноглобулиндермен жеткілікті қамтамасыз ету керек. Жұмысты тиімді ұйымдастыруда жазбаша нұсқаулықтардың маңызы зор. Ал қызметкерлерді жүйелі түрде оқытып тұру арқылы ғана тұрақты әрі жоғары нәтижеге жетуге болады.

KFM жобасының «Бұзауларға арналған шелектерді тазалау» және «Уызды дұрыс сақтау» жадынамаларынде бұзаулардың иммунитетін арттыру туралы мәлімет бар.

Уве Веддиге

Фото © KFM

14 04, 2026

Жылу стрессі: желдеткіштерді тазалау керек

2026-04-13T10:36:55+01:0014. апреля 2026|

Жаз мезгілі жақындап, күн сайын ауа температурасы жоғарылап келеді. Мұндай жағдайда жануарлар мен қора-жайларды тиімді желдету және салқындату өте маңызды.

Көптеген қораларда қыс мезгілінде пайдаланылмайтын, шаң мен ылғал жиналып, қатты ластанған желдеткіштер орнатылып тұр. Егер оларды жүйелі түрде тазаламаса, олардың өнімділігі 30%-ға дейін төмендеуі мүмкін, ал электр энергиясын тұтыну көлемі керісінше артады. Сонымен қатар, шаңның жиналуына байланысты қозғалтқыштар тезірек қызып кету қаупі бар, бұл олардың қызмет ету мерзімін қысқартады.

Қалақшалар мен қорғаныс торларын тазалаған кезде желдеткіштерді тоқтан ажыратып қою керек! Бұл құрғақ және дымқыл тазалаудың екеуіне де қатысты.

Қатты ластанбаған жағдайда және ай сайынғы техникалық қызмет көрсету аясында құрғақ тазалау жеткілікті — бұл әдіс жылдам әрі көп күш жұмсауды қажет етпейді. Ол үшін компрессормен бірге жұмсақ щетканы қолданған тиімді. Егер желдеткіш орташа деңгейде ластанған болса, жиналған қақты пластик қырғышпен абайлап алып тастап, кейін барлық бөлшектерді ылғалды шүберекпен сүрткен жөн. Желдеткіш қалақшаларын тазалауға жоғары қысымды тазартқышты қолданбаған дұрыс, себебі бұл теңгерімсіздікке әкелуі мүмкін, құрылғы бірқалыпты жұмыс істемей қалады және қозғалтқышқа су кіруі мүмкін.

Анығы: желдеткіштерді неғұрлым сирек тазаласаңыздар, соғұрлым оны тазартуға көп уақыт кетеді. Осы тақырыпқа байланысты  «Осьтік желдеткіштер» «Casablanca желдеткіштері» атты тегін жадынамаларды оқысаңыздар болады.

Уве Веддиге

Фото© KFM: Бұл желдеткішті тазалау уақыты келіп калғанына бір талай болды © KFM

Go to Top