About Uwe Weddige

This author has not yet filled in any details.
So far Uwe Weddige has created 1030 blog entries.
9 06, 2026

Сауы процесі тым баяу ма?

2026-06-08T12:21:39+01:009. июня 2026|

Топтық сауу залында сағатына 4–5 цикл орындауға болады, ал карусельді сауу залында — 6 циклға дейін. Егер сауу процесі тым ұзаққа созылса, оның себебі сиырларға (мысалы, ұзақ сауылатын сиырлар), дайындық және аяқтау жұмыстарына, сондай-ақ малды айдауға байланысты болуы мүмкін. Жағдайды талдауға әр сиырдың сауу ұзақтығы туралы бағдарламалық деректер және жұмыс барысындағы әлсіз тұстарды анықтайтын тәулік бойы жүргізілетін жеделдетілген бейнетүсірілім көмектеседі.

Желінге алғаш қол тиген сәттен бастап сауу басталғанға дейін екі реттік сауымда кемінде 60 секунд, ал үш реттік сауымда 90 секунд өтуі тиіс. Шамамен 120 секундтан кейін окситоциннің әсері әлсіреп, сүттің шығуы төмендейді. Дайындық уақытының тым қысқа немесе, керісінше, тым ұзақ болуы «бос» саууға әкеледі. Бұл емшекке артық жүктеме түсіріп, жалпы сауым уақытын ұзартады.

Кез келген жағдайда алдымен сүттің алғашқы ағындарын сауып алады, содан кейін емшектерді тазалап, құрғату қажет. Егер алдын ала ерітіндегі батыру қолданылса, оны алғашқы ағындарды сауғанға дейін де, кейін де жасауға болады.

Сауу аппаратын шешу мерзімі шегін 400–800 г/мин аралығында реттеу ұсынылады. Алайда бұл тек сауы процесі дұрыс ұйымдастырылып, сүт беру тұрақты болған жағдайда ғана тиімді болады.

Сауыншыларды оқыту және тәжірибелі сүт шаруашылығы кеңесшілерінің үдерісті тұрақты бақылауы ұзақ мерзімде сауым сапасын жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде күнделікті сауым уақыты қысқарып, өнімділік артады және желін саулығы жақсарады.

Сауы жылдамдығын тексеру бойынша кеңестер KFM-нің жақында жарық көрген «Сауу жылдамдығы туралы» атты тегін нұсқаулығында берілген.

Уве Веддиге

Фото © Weddige

5 06, 2026

Сиырлар құрғақ төсенішті жақсы көреді

2026-06-05T06:50:40+01:005. июня 2026|

Мал қорада ұсталатын сиырларда жайылымдағы сиырларға қарағанда ұстау жағдайына байланысты маститтің даму қаупі жоғары болады. Бұл ретте төсеніш материалдары қоршаған орта арқылы жұғатын патогендердің негізгі көзі болып табылады. Сондықтан инфекция қаупін азайту үшін бокстағы төсеніштің құрғақ және бактериологиялық тұрғыда қауіпсіз болуы маңызды. Сонымен қатар, жайлылық — жатып демалатын және жатып күйіс қайтаратын сиырлар үшін, олардың өнімділігі мен саулығы үшін маңызды.

Сиырлар құрғақ төсенішті өте жақсы көреді. Ылғалды төсеніштер сиырларда стресс тудырады, өйткені үстемдік етуші сиырлар ең құрғақ жерлерді иеленеді.

Сиыр жатқанда, оның желіндері мен емшектері жататың жердің бетіне тиіп тұрады. Төсеніш тек құрғақ қана емес, сонымен қатар оның патогенді бактериялары мүмкіндігінше аз болуы керек.

Төсеніш нәжіспен және зәрмен, сондай-ақ басқа көздерден келген бактериялармен ластанады. Алайда төсенішті дұрыс таңдау және оны жүйелі түрде ауыстыру инфекция қаупін азайтуға көмектеседі. Төсеніш материалдарының әртүрлілігі олардың гигиеналық жарамдылығының кең ауқымын көрсетеді. KFM-нің «Жақсы төсеніш мастит қаупін азайтады» деген жақында жарияланған жадынамасын қараңыздар.

Желін мен сирақ буындарының тазалығына қарап төсеніштердің сапасы мен тазалығы туралы білуге болады. Бұл мәселе бойынша KFM-нің тиісті жадынамалары www.kfm-kasachstan.net  сайтында бар.

Уве Веддиге

Фото © Веддиге

2 06, 2026

Биоқауіпсіздікті сақтау

2026-06-02T07:23:47+01:002. июня 2026|

Биоқауіпсіздік популяциялар, табындар немесе жануарлар топтары арасында осы уақытқа дейін кездеспеген аурулардың алдын алуға, сондай-ақ аурудың табын ішінде таралуын шектеуге бағытталуы тиіс.

Мақсаты — ірі қара мал табындарына ауру тудыратын микроорганизмдердің енуіне және инфекцияның ауру жануарлар арқылы таралуына жол бермеу.

Биоқауіпсіздік шараларының мақсаты:

  • жануарлардың денсаулығын қорғау және олардың күтімі мен жағдайын жақсарту,
  • қауіпсіз азық-түлік өнімдерін өндіру арқылы тұтынушыларды қорғау,
  • фермерлердің денсаулығын сақтау және оларды зооноздардан қорғау,
  • өндірістің экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету және заңнамалық талаптарды сақтау.

Ең жиі жұқтыру жолы — жануарлар арасындағы тікелей байланыс, мұнда қоздырғыш, мысалы, ауа немесе бөлінділер арқылы жұғады. Ауру қоздырғыштарының таралуының жиілігі бойынша екінші жолы — адамдар мен көлік арқылы.

Жануарлар саулығын басқару, жануарларды сатып алу, көлік құралдары мен келушілердің қозғалысын бақылау, сондай-ақ зиянкестер мен шыбындарға қарсы күрес саласындағы биоқауіпсіздік шаралары жануарлар мен адамдарды аурулардан қорғайды. Шаруашылықтың барлық қызметкерлері бұл сақтық шараларын сақтауға ұмтылуы тиіс — соның ішінде өз қауіпсіздігі үшін де!

Жақында шыққан KFM-нің «Мал шаруашылығындағы биоқауіпсіздік» атты жадынамасында шаруашылығыңызды қорғау бойынша құнды кеңестер берілген.

Уве Веддиге

Фото: Сүт таситын көліктер де биоқауіпсіздікке қауіп төндіреді © KFM

28 05, 2026

Мастит: сүт сынамаларын дұрыс алу

2026-05-28T08:03:44+01:0028. мая 2026|

Желіннің қабынуы жиі пайда болып, көбінесе осымен бір мезгілде резервуардағы сүттегі самтикалық жасушалар мөлшері жоғарылайды. Нақты диагностика процеске қандай қоздырғыштар қатысатынын және емдеуді қалай жүргізуге болатынын анықтауға мүмкіндік береді. Лабораториялық талдауды, әсіресе соматикалық жасушалар саны көбейгенде, желін қабынғандаа немесе емнің нәтижесі болмаған жағдайда міндетті түрде өткізу керек.

Кез келген зерттеудің ақпараттық құндылығы сынамаларды дұрыс таңдауға байланысты. Ең оңтайлысы —желіннің әр төрттен бір бөлігінен алынған алғашқы сауылған (сауар алдында тазалау үшін емшек ұшындағы сүтті сауып тастағаннан кейінгі сүт) сүт сынамалары. Клиникалық симптомдар тек бір бөлігінде байқалса да, барлық бөлігінен сынама алу керек. Бұл зертханаға сау және ауру бөліктерді /емшектерді салыстыруға және субклиникалық инфекцияларды анықтауға мүмкіндік береді.

Маститті мақсатты емдеу сауу залынан басталады: тек дұрыс алынған сүт сынамалары ғана қоздырғыштың дәйекті диагнозын қоюға және жауапты, негізделген және тиімді терапияны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сынаманы дұрыс алмаған жағдайда зерттеу нәтижесіне ғана емес, ең жаманы жануарлардың денсаулығына да қауіп төнеді. Сондықтан естен шығармаған жөн: диагностика сынаманы дұрыс алудан басталады.

Сүт сынамаларын алу бойынша нұсқаулықтарды KFM-нің «Сүт сынамаларын алу» атты жақында шыққан жаднамасынан таба аласыздар.

Уве Веддиге

Фото © Boehringer Ingelheim

26 05, 2026

Сауу процесін үнемі бақылап тұрыңыздар

2026-05-26T11:20:56+01:0026. мая 2026|

Сауу барысындағы ұқыпсыздық желін саулығына кері әсер етіп, сүттің сапасы мен өнімділігін төмендетеді.

Сиырлардың жүріс-тұрысындағы өзгерістер, сауыншылардың қателіктері және сауу техникасының жұмысындағы ауытқулар көбіне байқалмай қалады. Бұл өнімділіктің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан төмендегі факторларды үнемі мұқият бақылау қажет:

Сауын залындағы сиырлардың мазасыздануы белгілі бір қателіктердің бар екенін көрсетеді. Сауу процесінің әр кезеңінде сиырлардың реакциясына назар аударыңыздар.

Емшектердің жай-күйі тікелей сауу техникасы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Түсінің өзгеруі, емшек пен оның түбіндегі тарылу іздері (ақ сақиналар), соғылу, қан ағу, ісіну және гиперкератоз белгілері сауу құрылғысында ауытқулар бар немесе стимуляцияның жеткіліксіз екенін білдіреді.

Жыл бойы (365 күн) бірдей сауу тәртібін сақтау — міндетті талап. Сиырларды сауғанда процесс бәріне бірдей орындалуы тиіс.

Сауу техникасын тұрақты бақылау — желін саулығын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Техникалық қызмет көрсету кестесін ұстану, жабдық пен оны жуу жүйесінің жұмысын күн сайын тексеру, сондай-ақ резеңке бөлшектерді уақытылы ауыстыру қажет.

Егер микробтар саны бойынша мәселе туындаса, оның себептерін анықтап, жою үшін әлдеқайда көп уақыт пен қаражат жұмсауға тура келеді.

Сауу процесін тексеру бойынша кеңестерді KFM-нің «Дұрыс сауу» атты тегін тексеру тізімінен таба аласыздар.

Уве Веддиге

Фото © Weddige

19 05, 2026

Сүтті мал: қорадағы қараторғайлар

2026-05-18T08:05:32+01:0019. мая 2026|

Қараторғайлар сүтті сиырлардың азығын жегенді ұнатады және рациондағы жүгеріні теріп жеп қояды, бұл энергия тапшылығына әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар құстар азықты нәжістерімен немесе қауырсындарымен ластайды. Шу деңгейінің жоғарылауы да сиырлар үшін стресс факторы болуы мүмкін.

Линнеа Шрёдер өзінің магистрлік жұмысында қараторғай көп болатын және қараторғай жоқ шаруашылықтарды салыстырды. Бұл ретте ол қараторғай популяциясы бар шаруашылықтарда сүт өнімділігінің 1,5%-ға төмендеуін, сондай-ақ айтарлықтай соматикалық жасушалар санының көбеюі және алғашқы рет анықталған мастит диагноздарының көп болуын байқады.

Алдыңғы эксперименттердің бірінде қараторғайлардың азықты жегені салдарынан энергияны тұтыну тәулігіне 122 МДж-ден 116 МДж-ге дейін төмендегені анықталды. Сондай-ақ E. coli жұқтырған қараторғайлар қоздырғышты 24 сағат ішінде фермадағы барлық бұзауларға таратқаны да белгілі.

Сиыр қораның бүкіл аймақтарында құстардан қорғауға арналған сым торлар орнату, сиыр қораның қақпасын жауып қою және сүрлемнің алынған жерін пленкамен жабу популяцияны азайтуға көмектеседі. Бұған қосымша ферма аймағында және сиыр қорада, сондай-ақ жасыл белдеулер мен қопаларда мекендеу орындарын шектеу керек. Сондай-ақ оларды қорадағы жыртқыш құстар, акустикалық жүйелер қатты дыбысты және лазерлік құрылғылар арқылы жолатпауға болады.

Линнеа Шрёдер

Фото © Линнеа Шрёдер

14 05, 2026

EuroTier 2026

2026-05-12T05:57:00+01:0014. мая 2026|

Негізгі тақырып: Тиімді, тұрақты және жануарларға қолайлы мал шаруашылығына арналған интеллектуалды технологиялар

2026 жылғы 10–13 қараша аралығында Ганновер қаласында өтетін кәсіби мал шаруашылығы мен мал шаруашылығын басқаруға арналған әлемдік жетекші көрмеде сіз ақылды шешімдердің саланың болашағын қалай қалыптастырып жатқанын тәжірибелік, жаһандық және болашаққа бағытталған тұрғыда көре аласыз. Сала көшбасшыларымен кездесіп, озық технологиялар мен инновациялармен танысып, маңызды іскерлік байланыстар орнатыңыз.

EuroTier 2026 көрмесі бұл мүмкіндіктердің қалай жүзеге асатынын айқын көрсетеді: табысты мал шаруашылығының негізі — роботтандыру, сенсорлық технологиялар, жасанды интеллект және үлкен деректер арқылы жетілдірілген әрі біріктірілген цифрлық платформалар мен автоматтандырылған жүйелер. Олар қора-жай жабдықтары, азықтандыру, сауу, жем дайындау, көң шығару және логистика процестерін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Осы технологияларды кешенді жүйелерге интеллектуалды түрде біріктіру мал шаруашылығындағы процестерді дәл әрі оңтайлы басқарудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Нәтижесінде өндірістік процестердің сапасы артып, жануарлардың өнімділігі жақсарады, жем-шөп, энергия және еңбек шығындары қысқарады, сондай-ақ зиянды шығарындылар азаяды. Бұл өз кезегінде жануарлардың әл-ауқаты мен денсаулығын жақсартуға ықпал етеді.

DLG
Фото © DLG ұсынған

12 05, 2026

Азықтандыру: TMR-ді тұрақты бақылап отырыңыздар

2026-05-12T04:38:40+01:0012. мая 2026|

Жемшөпті араластыру сапасы сүт өнімділігіне, азықтандыру тиімділігіне, мал денсаулығына және жалпы сүтті мал шаруашылығының табыстылығына тікелей әсер етеді. Құрылымы жағынан біркелкі дайындалған рацион месқарынның тұрақты жұмыс істеуінің негізгі шарттарының бірі болып саналады.

Елек арқылы талдау жүргізу — толық рационды азықтың (TMR) құрылымы мен біртектілігін сенімді бағалаудың маңызды тәсілі. Дұрыс араластырылмаған азықты сиырлар іріктеп жейді, соның салдарынан месқарындағы рН деңгейі өзгеріп, қоректік заттарды біркелкі қабылдамайды. Нәтижесінде сүттегі май мөлшері төмендеп, азық тұтыну азаяды немесе зат алмасу аурулары туындауы мүмкін.

Елекпен тексеру осындай кемшіліктерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Рационды бөлшектер ұзындығы бойынша саралау арқылы құрылымның, концентраттардың және ылғалдың дұрыс таралғанын, сондай-ақ араластыру процесінің сапалы жүргізілгенін көруге болады. Бұл әдіс жем үстелінің жанында тікелей бақылау жасауға мүмкіндік береді.

Біркелкі TMR пайдаланылған жағдайда әрбір сиыр әр азықтандыру кезінде энергияның, құрылымдық талшықтың және қоректік заттардың бірдей құрамын қабылдайды. Рацион құрылымындағы немесе араластыру сапасындағы болмашы ауытқулардың өзі елеулі қаржылық шығындарға әкелуі ықтимал.

Мысалы, бір сиырдың тәулігіне 1 кг құрғақ затты аз тұтынуы сүт өнімділігінің шамамен 1,2–1,5 литрге төмендеуіне себеп болады. Сонымен қатар азық компоненттерінің толық пайдаланылмауы, азықтандыру тиімділігінің төмендеуі және месқарын қызметінің бұзылуы қосымша шығындарға ұрындырады. Сондықтан електің көмегімен жүргізілетін талдау аз уақыт алғанымен, жемшөпті араластыру барысында жіберілетін және қымбатқа түсетін қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Азықтандыруды бақылау бойынша құнды кеңестерді KFM жобасының «Азықтандыруды бақылау,» «Құрғақ зат көрсеткішін анықтау» атты тегін жадынамаларынан және «Елекпен жұмыс істеу туралы» тексеру парағынан таба аласыздар.

Уве Веддиге

Фото © KFM: Құрылымды бақылау рацион туралы көп ақпарат береді, бірақ құрғақ затты өлшеу және химиялық талдаумен бірге ғана толық мәліметі алуға болады.

8 05, 2026

Бұзаулар: сүт алмастырғыштарды мұқият таңдаңыздар

2026-05-08T10:27:20+01:008. мая 2026|

Сүт алмастырғыштардың ассортименті өте кең және әртүрлі. Таңдап алу үшін қандай критерийлер маңызды?

Сүт алмастырғыштар қаймағы алынбаған сүттің компоненттерін алмастыруға арналған. Өмірінің алғашқы апталарында бұзаулардың қорекке деген талабы ерекше жоғары, өйткені олардың ас қорыту жүйесі әлі даму барысында болады. Жеткіліксіз азықтануды және азықтанудан туындайтын диареяны болдырмау үшін сүт алмастырғыштың сапасы өте маңызды.

Қаптардағы жапсырмаларда ингредиенттер мен құрамы туралы ақпарат бар: жоғары сапалы сүт алмастырғыштардың 1 кг-да кемінде 22-24% шикі ақуыз, 17-18% шикі май және 100 мг темір болады. Шикі жасұнық мөлшерінің жоғарғы шегі 0,1%-дан, шикі күл 9%-дан аспайды.

Шикі жасұнық мөлшерінің, % жоғары болуы ақуыздың өсімдік көздерінің бар екендігін көрсетеді. Көп жағдайда жас бұзауларға соя компоненттерін сіңіруі қиын түседі. Құрамында 50%-дан астам өсімдік ақуызы бар сүт алмастырғыштардың сүт ақуызы жоғары алмастырғышпен салыстырғанда беретін тәуліктік өсімі азырақ болады.

Құрамында кем дегенде 50% майсыздандырылған сүті бар сүт алмастырғышы өмірінің алғашқы төрт аптасына өте қолайлы, өйткені бұзаулар оны жақсы сіңіре алады. Өмірдің алғашқы алты аптасында сүт ақуызы іс жүзінде таптырмайтын ақуыз көзі болып табылады.

Сүт алмастырғыштармен азықтандыру бойынша қосымша ұсыныстарды KFM жобасының «Сүт алмастырғыштарды мөлшерлеу» және «Бұзауларды азықтандыру кестелері» атты тегін жадынамаларынан таба аласыздар.

Фото © KFM: Сүт алмастырғыштарды таңдағанда олардың құрамы мен ингредиенттерін мұқият зерттеу қажет. Әсіресе өмірінің алғашқы алты аптасында сүт ақуызы ағза үшін протеиннің маңызды әрі сапалы көзі болып табылады.

 

5 05, 2026

Қызметкерлерді ынталандыру және өндіріс тиімділігі

2026-05-05T13:40:05+01:005. мая 2026|

Жануарлармен жұмыс жоғары жауапкершілікті талап етеді, сондықтан бұл салада ынталы қызметкерлердің маңызы ерекше. Ынталы ұжым жұмыс істейтін қораларда сиырлар да сау болады, өндірістік көрсеткіштер де тұрақты болады. Мұндай қызметкерлер тек өз міндетін орындап қана қоймай, туындаған қиындықтарды еңсеруге де дайын тұрады.

Ұжымды қалай ынталандыруға болады? Ынталы және ынтасыз қызметкерлердің айырмашылығы неде? Мәселе тек жігерлендіретін сөздерде, түрлі-түсті плакаттарда немесе қаржылай сыйақыда емес. Негізгі түйін — адамның миына күн сайын қажет болатын базалық қажеттіліктерді қамтамасыз етуде: жағдайды өзінің бақылауында ұстау сезімі, қауіпсіздік, ұжымға қатыстығы, ықпал ету мүмкіндігі және тұрақтылық. Осы қажеттіліктер қанағаттандырылғанда, адам өзін бағалы сезінеді, нәтижеге жетуге деген ішкі талпынысы күшейеді. Мұндай ұжым жұмысқа жай ғана келіп-кетпей, бар әлеуетін іске қосады.

Қызметкерлерді дұрыс ынталандыра алатын менеджер олардың өнімділігіне де, жұмысқа адалдығына да сенім арта алады. Ал бұл сүт фермаларында адамдар үшін де, жануарлар үшін де оң нәтиже береді.

Сізге нақты идеялар мен ұсыныстар қажет пе? Оларды KFM-нің «Қызметкерлерді ынталандыру» атты тегін тексеру парағынан таба аласыздар.

Уве Веддиге

Фото © KFM: Бірлесіп қатысатын тренингтер қызметкерлердің негізгі қажеттіліктерін қанағаттандырып, олардың мотивациясын арттыруға ықпал етеді.

Go to Top