About Uwe Weddige

This author has not yet filled in any details.
So far Uwe Weddige has created 1099 blog entries.
8 09, 2026

Сүт мал шаруашылығында жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану

2026-09-08T08:21:07+01:008. сентября 2026|

Қазіргі уақытта сүт мал шаруашылығында әртүрлі жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданылады. Көптеген жүйелер фермерлерге шешім қабылдауға көмектеседі, бірақ оларды алмастырмайды. Жасанды интеллектіні қолдану салалары, атап айтқанда:

  1. Сиырлардың денсаулығын бақылау
  2. Күйлеу уақытын анықтау және мал өсімін басқару
  3. Ақылды сауу роботтары және басқа да заманауи сауу жүйелері
  4. Сиыр қораларында жұмыс істеуге арналған ақылды роботтар
  5. Камералардың көмегімен сауын сиырлардың жүріс-тұрысын талдау
  6. Азықтандыруды басқару
  7. Сиыр қорадағы микроклиматты басқару
  8. Табынды басқару

Қазіргі уақытта заманауи жеке сиыр қораларында сүтті мал шаруашылығында жасанды интеллекттің ең көп таралған қолданбалары денсаулықты бақылау, күйлеу уақытын анықтау, сауу роботтары, жануарларды камералар арқылы бақылау және табынды басқарудың цифрлық жүйелері болып табылады. Негізгі пайдасы — мәселелерді ерте айқындау, еңбек шығынын азайту және жануарлардың әл-ауқатын жақсарту.

Жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалану сүт шаруашылығында мүлдем жаңа мүмкіндіктер ашады. Жасанды интеллект қосымшалары сүтті мал шаруашылығымен айналысатын фермерге заңдылықтарды анықтауға және солар негізінде шешім қабылдауға көмектесе алады.

Сүт мал шаруашылығында жасанды интеллектіні қолдануға байланысты негізгі проблемалар жоғары шығындар, деректердің сапасы мен біріктірілуі, техникалық сенімділік, сондай-ақ пайдаланушылардың тиісті кәсіби біліктілігінің болуы қажет. Жасанды интеллект сүтті мал иелеріне басқару шешімдерін қабылдауда тиімді көмектесе алады, бірақ адамның тәжірибесін, кәсіби білімін және жануарларды тікелей бақылауын алмастыра алмайды.

Атап айтқанда, сүтті малдарды күтіп-бағудың жекелеген салаларында айтарлықтай кемшіліктері бар сүт фермалары бұл мәселелерді шешуде жасанды интеллектке шамадан тыс сенім артудан бұрын, алдымен оларды жоюы керек. Сүт мал шаруашылығында жасанды интеллектіні қолдану — ең алдымен, мәселелерді мұқият реттеу және ерте анықтау құралы. Ол елеулі өндірістік сын-қатерлерді айтарлықтай жеңілдетуі мүмкін, бірақ сиыр қорадағы іргелі мәселелерді шешпейді.

Биыл «EuroTier 2026» халықаралық көрмесі 2026 жылдың 10-13 қарашасы аралығында Германияның Ганновер қаласында өтеді. Биылғы көрменің басты тақырыбы — «Мал шаруашылығындағы жасанды интеллект.» Көрме аясында, атап айтқанда, сүт шаруашылығында тиімділікті, өнімділікті және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін заманауи технологиялар ұсынылады.

EUROTIER 2026 сайтын қараңыздар.

Эккехард Шрёдер

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

3 09, 2026

23 тұяқшы ірі қара малдың тұяғын күту бойынша біліктілігін арттырды

2026-09-03T06:51:26+01:003. сентября 2026|

2026 жылғы 6-14 тамыз аралығында KFM жобасы аясында Ақмола, Түркістан және Қостанай облыстарында ірі қара мал тұяғын күту мамандары үшін 3 көпкүндік тәжірибелік біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды. Оқу-жаттығуға ірі қара малдың тұяғын күту бойынша барлығы 23 маман қатысты.

Практикалық тренингтер Ақмола облысындағы «Еңбек», Түркістан облысындағы «Бөрте Милка», Қостанай облысындағы «Бек Плюс» сүт фермаларында өткізілді.

Практикалық сабақтар Ақмола облысындағы «Еңбек», Түркістан облысындағы «Бөрте Милка», Қостанай облысындағы «Бек Плюс» сүт фермаларында өткізілді.

Нұсқаушы ретінде Германиядан келген Хольгер Пловка мырза қатысты. Хольгер Пловка — тұяқтарға функционалдық күтім жасау және оларды емдеу саласындағы көрнекті сарапшы әрі нұсқаушы. Ол «Klauenpfleger eG Sachsen» кооперативі жанындағы Саксония федералдық жерінің тұяқ күтімі жөніндегі мамандар қауымдастығының ірі қара мал тұяғын күту жөніндегі маманы.

Тренинг KFM ұжымының мамандарының қолдауымен өткізілді.

Тұяқтардың құрылымы мен денсаулығына қатысты практикалық аспектілерді түсіндіру мен көрсетуден, сондай-ақ кәсіби құралдар мен тұяқ күтімі құралдарымен жұмыс істеуден басқа, осы біліктілік бағдарламасы аясында негізгі назар тұяқ күтімі бойынша оқыту мен практикалық сабақтарға аударылды. Әрбір қатысушы алған білімін бірден тәжірибеде қолдана алды, атап айтқанда, тұяқ күтімі бойынша өз дағдыларын жетілдіре алды.

Әр семинар соңында қатысушыларға сертификатпен бірге KFM жобасынан ірі қара малдың тұяғына кәсіби күтім жасауға арналған маңызды құралдар жиынтығы берілді.

Эккехард Шрёдер

Фото: KFM

1 09, 2026

Сүт мал шаруашылығы қалдықтарынан шығатын тыңайтқыштар әлеуетін пайдалану

2026-09-01T10:42:45+01:001. сентября 2026|

Қазақстанда сүтті мал шаруашылығының қалдықтарынан шығатын тыңайтқыштарды пайдаланудың маңызы артып келеді. ІҚМ садырасы мен қорадан шығарылатын қи (N) фосфордың (P), калийдің (K), сондай-ақ органикалық заттардың бағалы көзі болып табылады және топырақ құнарлылығын да, өсімдік шаруашылығындағы өнімділікті де арттыруға ықпал ете алады.

Замануи сүт фермаларының маңызы артып келе жатса да, Қазақстанда сүтті мал шаруашылығы әлі де негізінен ұсақ үй шаруашылықтары мен отбасылық фермалардан тұрады. Осыған байланысты мал шаруашылығы қалдықтары көбінесе бөлек-бөлек жинақталады және көп жерде жүйелі түрде есепке алынбайды немесе пайдаланылмайды. Пайдаланудың типтік тәсілдері:

  • егістік және жемшөп алқаптарына қи шашу;
  • сұйық көңді органикалық тыңайтқыш ретінде  пайдалану;
  • қиды компостерлеу;
  • энергия өндіру үшін биогаз қондырғыларында көңді пайдалану әлі де сирек кездеседі.

Қыстың ұзақ және суық болуына байланысты Қазақстанның көптеген аймақтарында көңді екі негізгі кезеңде пайдаланады:

  1. Көктемде егіс алдында
  2. Күзде егін жиналғаннан кейін

 

Сондықтан қыс бойы жиналып қалатын шаруашылық тыңайтқыштарды пайдаланатын уақыты келгенше оны тиісті түрде уақытша сақтауға арналған қоймалардың жеткілікті болуы ерекше маңызды.

Сүт мал шаруашылығынан алынатын тыңайтқыштарды неғұрлым тиімді пайдалану үшін келесі шаралар ұсынылады:

  • сұйық көн мен қи сақтауға арналған заманауи қоймаларын салу;
  • пайдаланар алдында қоректік заттардың құрамын талдау;
  • тыңайтқыштарды топырақтың қажеттілігіне сәйкес және уақтылы енгізу;
  • қиды компостерлеу;
  • ірі сүт-мал фермаларында биогаз қондырғыларын салуға ынталандыру;
  • фермерлерді және сүт-мал фермаларының мамандарын, сондай-ақ осындай фермалардың кеңесшілерін қоректік заттар менеджменті мәселелері бойынша оқыту.

Қорытынды: Қазақстанда сүтті мал шаруашылығынан алынатын көңнің топырақ құнарлылығын арттыру, минералды тыңайтқыштарға кететін шығындарды азайту және жаңартылатын энергия өндіру үшін үлкен әлеуеті бар. Мұның шарты сақтау, өңдеу және енгізу технологияларының неғұрлым жетілдірілуі, сондай-ақ мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының неғұрлым тығыз байланыстыруы болып табылады.

Осы тақырып бойынша Толығырақ ақпаратты KFM жобасының сайтынан, мысалы, нұсқаулықтар сериясынан, «Мал шаруашылығынан шығатын тыңайтқыштарды сақтау және пайдалану бойынша кеңестер» атты 9-модулінен, сондай-ақ жеке ақпараттық бюллетеньдерден табуға болады. Сонымен қатар, KFM жобасы аясында «Жабық цикл экономикасы және мал шаруашылығынан шығатын тыңайтқыштар» тақырыбында 2026 жылдың қазан айында өтетін іс-шара жоспарланған.

Эккехард Шрёдер

Фото: KFM

27 08, 2026

Жүгеріні сүрлемге жинау мерзімінің сүрлем сапасына әсері

2026-08-27T08:51:08+01:0027. августа 2026|

Жүгеріні сүрлемге жинау мерзімі азық сапасына, энергетикалық құндылығына, сүрлемделуіне және жүгері сүрлемінің сақталу ұзақтығына шешуші әсер етеді. Оңтайлы мерзім негізінен бүкіл өсімдіктің құрғақ зат (ҚЗ) мөлшері бойынша анықталады.

Жүгеріні жинаудың оңтайлы мерзімі

Барлық өсімдікте құрғақ зат мөлшері шамамен 32-35% болғанда жинау оңтайлы болып саналады. Бұл кезеңде жүгері жоғары энергетикалық тығыздыққа, жақсы қорытылуға ие және жеткілікті тығыздау мен консервілеуге бейім.

Тым ерте жинаудың салдары

Құрғақ зат мөлшері шамамен 30%-дан төмен болған кезінде жинаса:

  • дәннің толуы әлі аяқталмағандықтан, крахмал мөлшері төмендейді,
  • гектарына шаққандағы энергия мөлшері төмендейді,
  • сүрлемге салу кезінде едәуір шырын шығыны пайда болады,
  • қажетсіз ашу процестерінің пайда болу қаупі бар,
  • жануарлардың азық тұтынуы төмендейді.

Нәтижесінде азықтың сапасы төмендеп, қоректік заттардың азаюы мүмкін.

Өнімді тым кеш жинаудың салдары

Жүгеріні құрғақ зат мөлшері шамамен 35%-дан жоғары болғанда жинаса:

  • жапырақтар мен сабақтар көбірек қатаяды,
  • өсімдіктің басқа бөліктерінің сіңімділігі төмендейді,
  • сүрлемді тығыздау қиындайды,
  • кейін қызудың, зеңнің және ашытқының пайда болу қаупі артады,
  • крахмалды жануарлар нашар сіңіреді.

Құрғақ зат бойынша өнімділік кейбір жағдайларда әлі де жоғарылағанымен, азық сапасы көбінесе нашарлайды.

Қорытынды

Өнімді жинаудың дұрыс мерзімі жоғары сапалы жүгері сүрлемін алудың маңызды факторларының бірі болып табылады. Жүгеріні құрғақ зат мөлшері 32-ден 35%-ға дейін кезінде жинаса, жоғары энергетикалық құндылықтың, жақсы қорытылудың және оңтайлы сүрлемделудің ең жақсы үйлесімі қамтамасыз етіледі. Өте ерте және тым кеш жинау сапаның нашарлауына әкеледі және малдың өнімділігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Құрғақ зат мөлшерін анықтауға арналған құралдар және қосымша ақпарат

Жинар алдында жүгерінің құрғақ зат мөлшерін анықтау үшін дәлдігі мен еңбек шығыны бойынша ерекшеленетін бірнеше практикалық әдістер бар. Осы тақырып бойынша толығырақ мамандандырылған ақпаратты KFM жобасының сайтынан, «Кеңесшілерге арналған нұсқаулық» сериясынан «Сапалы сүрлем өндіру — егістіктен астауға дейін» атты 15 модулінен, сондай-ақ KFM жобасының No 15 ақпараттық бюллетенінен таба аласыз.

Эккехард Шрёдер

Фото: KFM

25 08, 2026

Жүгеріні сүрлемге салуға дайындық бойынша тексеру тізімі

2026-08-25T12:10:03+01:0025. августа 2026|

Сүрлем қоймасын жақсылап дайындау жүгері сүрлемінің сапасына айтарлықтай әсер етеді. Дайындықтың мақсаты — өнімді тез қабылдап, оны оңтайлы тығыздау және ауа кірмейтіндей жабу.

Сүрлемге салынатын жүгері көбінесе бірнеше күн ішінде тез жиналады, сондықтан жем-шөп қоймасы (траншея) жоспарланған егін жинау күнінен бір апта бұрын кешіктірілмей толық дайын болуы керек. Ауа райының өзгеруі астық жинау жоспарына әсер етуі мүмкін. Алдын ала дайындалсаңыз, сапаны жоғалтпай, әдетте қысқа болатын жинау кезеңін тиімді пайдалана аласыз.

Жүгеріні сүрлемге жинауға дайындау бойынша тексеру тізімі

  1. Сүрлем траншеясын толық босату және тазалау. Ескі азық қалдықтарын алып тастау. Қабырғаларды, еденді және кіреберіс жолдарды тазалау. Траншеяның, қабырғалары мен траншея еденінің зақымдалған жерлерін жөндеу. Дренаждық науаларды және сүрлем шырынын бұру жүйесін тексеру.
  2. Траншеяның ауданы мен салынатын өнім көлемін сәйкестендіріп жобалау. Жиналатын жүгері өнімін есептеу. Траншеяның көлемі жеткілікті болуын қамтамасыз ету. Траншеяның биіктігі мен шығарып алу жылдамдығын азықты алу кезеңінде қайта қызу қаупін болдырмайтын етіп жобалау.
  3. Полиэтилен үлбірі мен жабу материалын дайындап алу. Егін жинау басталмай тұрып: сүрлем пленкасы, қорғаныс торлары, құм салынған қаптар, шиналар немесе ауырлату шлангілері, жөндеу скотчы дайн тұруы керек. Сүрлем салынып болғаннан кейін бірден ұстін ауа кірмейтіндей етіп жабу сүрлемнің сапасы үшін өте маңызды.
  4. Техниканы тексеру. Тексерілетін техника: доңғалақты тиегіштер, тракторлар, дөңбектер, жүгері ұнтақтағыштар (оның ішінде жүгері ұнтақтағышына арналған өткір пышақтар, сондай-ақ «Corn Cracker»), көлік құралдарының жеткілікті саны, түнгі жұмыс үшін жарықтандыру, радиобайланыс және байланыс құралдары. Егін жинау кезінде техникалық ақауларға байланысты ұзақ үзілістер болмауын қамтамасыз етіңіздер.
  5. Дұрыстап нығыздау. Сүрлемнің жақсылап тығыздалуы оның ішіндегі оттегінің мөлшерін азайтады және ферментация сапасын жақсартады. Маңызды сәттер: дөңбектердің салмағы едәуір ауыр болғанын қамтамасыз ету. Тығыздалынатын қабат жұқа болғаны дүрыс (шамамен 15-30 см). Үздіксіз нығыздау керек. Әсіресе жиектер мен шетіндегі учаскелерді көбірек тығыздау.
  6. Егін жинауды ұйымдастыру. Жинау жұмыстарын бастамас бұрын: учаскелерді өңдеу тәртібін, тасымалдау тізбегін, жауапкершілік шеңберін, жұмыс уақыты мен үзілістерін, қауіпсіздік ережелерін нақтылап алу керек.
  7. Сүрлем қоспаларын дайындау (егер олар пайдаланылатын болса). Тиісті биологиялық немесе химиялық сүрлемдік қоспаларды дер кезінде сатып алу. Мөлшерлегіш құралын калибрлеу. Жұмысшыларға алдын-ала нұсқау беру.
  8. Қауіпсіздік шаралары. Траншеяның биік қабырғаларынан құлап кетуден қорғайтын құралдар орнату. Жарықты тексеру. Тайғақ жерлердің болмауын қамтамасыз ету.
  9. Егін жиналар алдында. Жүгерінің пісу деңгейін үнемі тексеріп отырыңыз. Жоғары сапалы сүрлемдік жүгері өнімін алу үшін, әдетте, жалпы өсімдіктің құрғақ зат мөлшерін шамамен 32-38% деңгейіне жеткізуге тырысады.

Толығырақ техникалық ақпаратты KFM жобасының сайтынан, мысалы, нұсқаулықтар сериясынан, «Сапалы сүрлем өндіру — егістіктен оттыққа дейін» атты 15-ші модулінен, сондай-ақ KFM жобасының көптеген ақпараттық бюллетеньдерінен таба аласыздар.

Эккехард Шрёдер

Фото: KFM

13 08, 2026

Сауу қондырғысын жүйелі түрде тексеру

2026-08-13T08:23:53+01:0013. августа 2026|

Техникалық жарамды және дұрыс күтілетін сауу қондырғысы тиімді, желінге ұқыпты әрі гигиеналық сауу жүргізудің маңызды шарты болып табылады. Сауу қондырғысындағы ақаулар көбінесе табында желін ауруларының пайда болуына әкеледі. Сауу қондырғысындағы ақаулар көбіне біртіндеп және байқалмай дамитындықтан, олар тым кеш анықталуы мүмкін.

Сауу қондырғысын үнемі тексеріп отыру табын мен желіннің денсаулығын қамтамасыз етудіңң маңызды бөлігі болып табылады.

Маңызды тұстары:

  • Сауу қондырғысының вакуум деңгейін, пульсациясын, герметикалығын және барлық компоненттерінің жұмысқа жарамдылығын үнемі тексеріп отырыңыз,
  • Сауу стакандарының резеңкелерінің тозуын тексеріңіз, себебі тозған немесе зақымдалған резеңкелер сауу тиімділігін төмендетіп, желін ауруларының қаупін арттыруы мүмкін.
  • Сауу стакандарының резеңкелерін ауыстыру жөніндегі өндірушінің ұсыныстарын орындаңыз. Әдетте оларды ауыстыру белгіленген сауымдар санына немесе жұмыс сағаттарының көлеміне байланысты жүргізіледі,
  • Микробиологиялық ластануды азайту үшін сауу қондырғысының тазалығы мен дезинфекциялануын күн сайын тексеріп отырыңыз,
  • Тұрақты техникалық қызмет көрсетуді білікті мамандар жүргізуі тиіс.

Сауу қондырғысын мамандар жылына кемінде бір рет оның жұмысқа жарамдылығын, тазалығын және тозу дәрежесін тексеруі тиіс. Арнайы жабдықтың көмегімен жүйені дәл өлшеп, ақаулардың көзін анықтауға болады.

Толығырақ мамандандырылған ақпаратты KFM жобасының сайтынан, мысалы, «Модульдер» сериясындағы «Заманауи сауу техникасына техникалық қызмет көрсету» 12-модулінен таба аласыздар.

Эккехард Шрёдер

Суреттер: KFM

6 08, 2026

Сүттегі микроорганизмдердің жоғары мөлшерінің негізгі себептері

2026-08-06T16:00:29+01:006. августа 2026|

Сүт фермасында жиналған сүттегі микроорганизмдердің жалпы саны сауу және сүтті өңдеу кезінде тазалық пен гигиеналық талаптардың қаншалықты сақталатынын көрсетеді. Микроорганизмдер – бактериялар, ашытқылар және зең саңырауқұлақтары сияқты өте ұсақ тірі ағзалар. Сау сиырдың желініндегі сүт әдетте стерильді болады және микроорганизмдер оған көбінесе сауу немесе өңдеу барысында түседі. Микроорганизмдер өте жылдам көбейеді. Олардың көбею қарқыны температураға тікелей байланысты болғандықтан, сүтті дер кезінде және дұрыс салқындату микроорганизмдер санының артуына жол бермейді.

Шикі сүттегі микроорганизмдердің жоғары мөлшері бактериялардың сүтке көп мөлшерде түскенін немесе сүтте көбейгенін білдіреді. Оның себептері өндірістік тізбектің барлық кезеңінде – желіннен бастап сүт сақтайтын резервуарға дейін кездесуі мүмкін және уақыт өте келе күшеюі ықтимал.

Сүт салқындатқыштағы шикі сүтте микроорганизмдердің жалпы саны 1 мл сүтте 100 000 микроорганизмнен едәуір төмен болуы тиіс. Гигиеналық талаптары жоғары, желіні сау сиырлары бар және сауу, жабдықтарды жуу мен салқындату жүйелері дұрыс ұйымдастырылған шаруашылықтарда бұл көрсеткіш тұрақты түрде 1 мл сүтте 20 000 микроорганизмнен төмен болады.

Жиналған сүттегі микроорганизмдердің жоғары мөлшерінің кең таралған себептері:

  • Сауу жабдықтары мен сауу аппараттарын жеткіліксіз жуу және дезинфекциялау. Бұл – ең жиі кездесетін себептердің бірі. Мүмкін болатын мәселелер: сауу жабдықтарын, сауу аппараттарын немесе сүт сақтайтын резервуарды дұрыс тазаламау; жуу температурасының төмен болуы; жуғыш немесе дезинфекциялаушы құралдардың дұрыс мөлшерленбеуі; резеңке саптамалардың, шлангілердің немесе тығыздағыштардың тозуы.
  • Сүттің жеткіліксіз салқындатылуы. Бактериялар жоғары температурада өте жылдам көбейеді. Сондықтан сүтті мүмкіндігінше тез арада 4–6 °С температураға дейін салқындату қажет.
  • Желін мен емізіктердің ластануы. Лас бөлшектерде қоршаған ортадан келген көптеген микроорганизмдер болады. Негізгі себептері: қораның гигиеналық жағдайының нашарлығы, лас немесе дымқыл төсеніштер, сауу алдында емізіктерді дұрыс тазаламау немесе жеткіліксіз тазалау.
  • Сауу кезіндегі қателіктер. Мысалы, алғашқы сүт ағынын сауып тексермеу немесе бұл рәсімді дұрыс орындамау; емізіктерді сапалы тазаламау және кептірмеу; сауу аппараттарының лас еденге түсіп кетуі; табында желін ауруы бар сиырлар болған жағдайда сауу реттілігінің сақталмауы.
  • Желін аурулары (мастит). Желіні қабынған сиырлар сүтпен бірге көп мөлшерде микроорганизмдер бөліп, инфекцияның басқа жануарларға таралуына себеп болуы мүмкін.
  • Қорадағы гигиенаның сақталмауы және ауаның сапасының төмен болуы. Гигиеналық талаптардың бұзылуы қоршаған ортадағы бактериялық жүктемені арттырады.
  • Судың сапасы. Құрамында микроорганизмдер бар ластанған су сауу жабдықтарын, соның салдарынан сүтті де ластауы мүмкін.
  • Сүтті ұзақ сақтау. Шикі сүт неғұрлым ұзақ сақталса, микроорганизмдердің көбею қаупі соғұрлым жоғары болады.

Сүттегі микроорганизмдердің аз мөлшері оның жоғары сапасын көрсетеді. Сондықтан сүт өңдеу кәсіпорындары жоғары сапалы сүт үшін өндірушілерге көбіне жоғары баға төлеуге дайын. Сонымен қатар бұл қорадағы және сауу кезіндегі гигиенаның жақсы деңгейде екенін, желін аурулары қаупінің төмен екенін және сүт шаруашылығының экономикалық тиімділігінің жоғары екенін білдіреді. Микроорганизмдері аз сүттен сақтау мерзімі ұзақ әрі сапасы жоғары сүт өнімдерін өндіруге болады. Мұндай сүт ірімшік, йогурт, камамбер сияқты премиум санаттағы өнімдерді өндіру үшін маңызды шикізат болып табылады.

Эккехард Шрёдер

Сурет: ADT Project Consulting мұрағатынан

5 08, 2026

Сауын сиырлардағы месқарын ацидозы (месқарын қышқылдығының жоғарылауы)

2026-08-05T06:03:14+01:005. августа 2026|

Егер сиыр крахмал мен қантқа бай жеңіл қорытылатын энергияны қысқа уақыт ішінде шамадан тыс тұтынса, месқарында микробтық ақуыздың түзілуі күшейеді. Сонымен қатар, зат алмасудағы глюкоза деңгейінің жоғары болуы сүт ақуызының синтезіне қажетті энергиямен жақсы қамтамасыз етеді. Сондықтан сүттегі ақуыз мөлшерінің жоғары болуы бастапқыда энергиямен жеткілікті қамтылғанын көрсеткендей әсер қалдырады. Алайда рациондағы энергияның негізгі бөлігі крахмал мен қантқа бай құнарландырылған азықтардан келсе, месқарында түзілетін ұшпа май қышқылдарының ішінде сірке қышқылының үлесі азаяды. Ал сірке қышқылы сүт майының түзілуі үшін негізгі компоненттердің бірі болып табылады. Егер осыған қоса рационда шикі жасұнық мөлшері төмен болса, месқарында сірке қышқылы жеткіліксіз түзіліп, желінде сүт майының синтезі төмендейді. Соның нәтижесінде сүттің майлылығы азаяды.

Сүт майының төмендеуі және сүт ақуызының артуы «май-ақуыз» қатынасының төмендеуіне әкеледі. Егер бұл қатынас қалыптан тыс төмен болса (мысалы, 1,0-ден төмен), онда рационда құрылымдық жасұнықтың жеткіліксіздігі немесе месқарын ацидозы болуы мүмкін. Қауіпті кезең – төлдеуге дейінгі бірнеше күннен бастап, төлдегеннен кейінгі шамамен 60 күнге дейінгі уақыт.

Типтік белгілері:

  • сүттегі май мен ақуыз арақатынасының қалыптан тыс төмен болуы (1,0-ден төмен),
  • сүт майлылығының 0,5 пайыздық тармақтан артық төмендеуі,
  • тәбеттің төмендеуі немесе азықтан толық бас тарту,
  • сүт өнімділігінің төмендеуі, нәжістің сұйылуы, күйіс қайыру белсенділігінің азаюы.
  • жедел ацидоз кезінде ауыздан сілекейдің көп ағуы да байқалуы мүмкін.

Ықтимал себептері:

  • рационда жеңіл қорытылатын көмірсулардың (крахмал, қант) шамадан тыс көп болуы,
  • құрамында крахмалы жоғары азықтарды тәулік бойына дұрыс бөлмей, бір мезгілде шамадан тыс мөлшерде беру (мөлшерлеу, тарату жиілігі және тәуліктік көлемі),
  • жасұныққа бай негізгі азықтардың (сүрлем, пішен, сабан және т.б.) жеткіліксіз тұтынылуы салдарынан күйіс қайырудың төмендеуі және сілекей бөлінуінің азаюына байланысты месқарынның буферлік қабілетінің әлсіреуі (→ месқарынның қышқылдануы),
  • төлдеуге дейін және төлдегеннен кейін месқарын микрофлорасын өзгерген рационға бейімдеуге арналған өтпелі азықтандырудың (транзиттік азықтандыру) жеткіліксіз жүргізілуі,
  • рацион құрамындағы қоректік заттардың арақатынасының теңгерімсіздігі.

Алдын алу шаралары:

  • көмірсуларға бай азықтарды (астық, астық қоспалары және т.б.) бір мезгілде тым көп мөлшерде бермеу (бір ретте 2 кг-нан артық емес),
  • төлдегеннен кейін құнарландырылған азықтардың мөлшерін тым жылдам арттырмау,
  • төлдеуге дейін жануарларды құрамында крахмал мен қант бар азықтарға біртіндеп үйрету,
  • негізгі азықтардың (сүрлем, пішен, сабан) жеткілікті мөлшерде тұтынылуын қамтамасыз ету. Бұл ретте олардың сапасы мен желіну қасиеттері маңызды рөл атқарады,
  • азық науасында рационның қабаттанып бөлінуіне жол бермеу (мысалы, толық араластырылған рационды пайдалану),
  • құрамында крахмалы жоғары, бірақ месқарында баяу ыдырайтын жоғары энергетикалық азықтарды қолдану,
  • табындағы және жеке сиырлардағы күйіс қайыру белсенділігін, нәжістің консистенциясын және сүт майлылығын тұрақты бақылап отыру.

Ауру малдарды міндетті түрде мал дәрігері емдеуі керек.

Эккехард Шрёдер

Сурет: KFM жобасы.

30 07, 2026

Сауын сиырларындағы кетоздың жалпы себептері

2026-07-30T12:06:40+01:0030. июля 2026|

Кетоз — бұл зат алмасудың бұзылуы, ол негізінен төлдегеннен кейінгі алғашқы апталарда дамиды. Негізгі себебі — теріс энергетикалық теңгерім: сиырға сүт өндіру үшін азықтан алатын энергиядан көбірек энергия қажет болады. Соның нәтижесінде организмдегі май қоры жұмылдырылып, кетон денелерінің түзілуі күшейеді. Майдың ыдырауы кезінде түзілетін бос май қышқылдары олардың қандағы концентрациясын арттырып, сүт майының құрамына тікелей енеді, соның салдарынан сүттегі май мөлшері көбейеді.

Егер сиыр жеткілікті мөлшерде энергия қабылдамаса, месқарын микроорганизмдері микробтық ақуызды аз түзеді. Сонымен қатар, организмде сүт ақуызының синтезіне қажетті энергия көзі болып табылатын глюкоза тапшылығы байқалады, соның салдарынан сүттегі ақуыз мөлшері төмендейді. Сүттегі май мөлшерінің артуы және ақуыз мөлшерінің төмендеуі «май/ақуыз» арақатынасының ұлғаюына әкеледі. Сүттегі май мен ақуыз арақатынасының қалыптан тыс жоғары болуы энергия тапшылығын немесе кетоздың дамуын көрсетуі мүмкін. Бұл көбінесе лактацияның бастапқы кезеңінде байқалады, өйткені сүт өнімділігінің артуына байланысты энергияға деген қажеттілік азық пен энергияны тұтынудан жылдамырақ өседі. Кетозбен ауырған сиырларда, әдетте, айқын немесе осы ауруға ғана тән сыртқы белгілер байқалмайды, себебі бұл ішкі зат алмасудың бұзылуы болып табылады. Сырттай қарағанда көбіне өнімділіктің жалпы төмендеуі, селқостық, тәбеттің төмендеуі немесе дене салмағының азаюы ғана байқалады. Сонымен қатар, тынысынан ацетон иісінің шығуы да осы ауруға тән белгілердің бірі болып табылады. Жоғары өнімді сауын сиырларында кетоздың даму қаупі әсіресе төлдеу кезінде және одан кейінгі шамамен 60 күн ішінде жоғары болады.

Кетоздың басқа да себептері:
· лактацияның соңғы үштен бірінде және суалу кезеңінің басында энергияның артық болуы,
· құрамында май қышқылы жоғары сүрлем сияқты кетогенді азықтармен азықтандыру,
· рационда ақуыздың шамадан тыс болуы,
· азық тұтынуды шектейтін климаттық факторлар,
· азықтың сапасының төмен болуы (улы заттардың болуы) және оның жеткіліксіз мөлшері,
· күтіп-бағудағы кемшіліктер (мысалы, малдың шамадан тыс тығыз орналастырылуы), соның салдарынан күйзелістің туындауы,
· қозғалыстың жеткіліксіздігі.

Кетоздың ең тиімді алдын алу шаралары:

  • төлдеу кезінде дене күйінің оңтайлы болуы (сиырлар суалу кезеңіне тым семіз де, тым арық та болып кірмеуі керек),
  • төлдеуге дейін және одан кейін құрғақ затты жеткілікті мөлшерде тұтынуын қамтамасыз ету,
  • төлдеуге дейінгі 3 апта және төлдегеннен кейінгі 3 апта ішінде мұқият теңгерілген ауыспалы рационды қолдану (рационды суалу кезеңінен төлдегеннен кейінгі сауын сиыр рационына біртіндеп бейімдеу),
  • төлдегеннен кейін энергиямен жеткілікті қамтамасыз ету,
  • жаңа күтіп-бағу және азықтандыру режиміне көшумен байланысты күйзелісті барынша азайту.

Тәуекел тобына жататын табындағы сиырларды аурудың айқын клиникалық белгілері пайда болғанға дейін қан, сүт немесе зәр талдаулары арқылы субклиникалық кетозға профилактикалық бақылаудан өткізуге болады.

Бұл нұсқада орыс тілінің ықпалымен жасалған тіркестер («физикалық жағдайы», «халықтың шамадан тыс көп болуы», «мазмұндағы қателіктер», «микроақуыз» сияқты) қазақ ветеринариялық терминологиясына сәйкес табиғи баламалармен ауыстырылды және ғылыми стиль біріздендірілді.

Эккехард Шрёдер

Сурет: ЖИ жасаған

28 07, 2026

Қазіргі заманғы сиыр қораларда байлаусыз ұсталатын сауын сиырлардың жемшөп тұтынуына әсер ететін факторлар

2026-07-28T07:40:40+01:0028. июля 2026|

Сауын сиырларды күтіп-бағудың негізгі ұстанымы – оларды дұрыс азықтандыру арқылы қоректік заттарға деген қажеттілігін қамтамасыз ету. Қоректік заттардың қаншалықты тұтынылатыны олардың рациондағы мөлшеріне ғана емес, сонымен қатар сиырдың қанша жемшөп жейтініне де байланысты. Алайда күйіс қайыратын малдың рационында қоректік заттардың мөлшерін шексіз арттыруға болмайды. Өйткені қоректік заттардың мөлшерімен қатар, жемшөптің құрылымы да маңызды. Ол сиырдың күйісті дұрыс қайырып, ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Сондықтан сиырдың жемшөпті жеткілікті мөлшерде тұтынуын қамтамасыз ету өте маңызды. Осылайша, әсіресе өнімділігі жоғары сауын сиырлар үшін, жемшөпті жеткілікті мөлшерде тұтыну жоғары сүт өнімділігі мен денсаулықты сақтаудың негізгі шарттарының бірі болып табылады.

Жемшөпті тұтыну сауым деңгейіне, жануарлардың денсаулығына, көбею қабілетіне және сүт шаруашылығының рентабельділігіне тікелей әсер етеді. Оған жануардың (дене салмағы, тұқымы, жасы, лактация кезеңі, денсаулық жағдайы), жемшөптің (сапасы, дәмдік қасиеттері, құрғақ зат мөлшері, құрылымы мен жасұнық мөлшері, сондай-ақ рацион құрамы), байлаусыз ұстау жағдайлары мен қоршаған орта факторларының (азықтандыру орындарының жеткіліктілігі, қорадағы микроклимат, жататын орынның жайлылығы, еркін қозғалу мүмкіндігі), сондай-ақ азықтандыруды ұйымдастыру және табынды басқару деңгейінің жиынтығы әсер етеді. Сауын сиырлардың азық үстелі бос қалмауы тиіс. Толық араластырылған рациондарды (ТАР) қолдану және жануарларды өнімділік деңгейі немесе лактация кезеңі бойынша топтарға бөлу физиологиялық қажеттіліктерге сай азықтандыруды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Таза ауыз суға шектеусіз қолжетімділік жемшөпті жоғары деңгейде тұтыну мен табынның жоғары сүт өнімділігін қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі болып табылады.

Азықты барынша көп тұтынуға жоғары сапалы азықты жануарлардың қажеттіліктеріне сәйкес күтіп-бағу жағдайларымен және оңтайлы менеджментпен үйлестіру арқылы қол жеткізіледі. Бұл малдың сүттілігін, денсаулығын және экономикалық тиімділігін тұрақты арттыруға мүмкіндік береді.

Жем-шөпті тұтынуды қалай барынша арттыруға болатыны туралы толығырақ арнайы ақпаратты KFM жобасының сайтынан, мысалы, «Модульдер» сериясынан, «Азықтандыру және рацион құру» атты 14-модульден табуға болады.

Эккехард Шрёдер

Фото: KFM

 

 

Go to Top